Otpan News Logo

Маңғыстауда 87 жолдың сапасы тексеріліп жатыр

|
23.09.2026 16:15
Маңғыстауда 87 жолдың сапасы тексеріліп жатыр

Маңғыстау облысында автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарының сапасын бақылау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы брифингте «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры Адайбек Қалиев айтты, деп хабарлайды otpannews.kz.


Спикердің айтуынша, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» филиалы автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау кезінде орындалатын жұмыстар мен жол-құрылыс материалдарының сапасына сараптама жүргізеді. Сараптама нәтижелері «KazRoadLab» электрондық базасына енгізіледі.

-Автомобиль жолдарының сапасын бақылаумен қатар, техникалық құжаттамаларға да сараптама жүргізіледі. Биыл облыста жүргізіліп жатқан жол-жөндеу жұмыстары 87 жол-құрылыс нысанын қамтиды. Жыл басынан бері материалдар мен орындалған жұмыстардың сапасын сараптау бойынша 301 қадағалау жұмысы жүргізілді. Биыл өңірдегі 12 асфальт-бетон зауыты тексерілді, - деді Адайбек Қалиев.

Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын дамыту бағытында бірқатар стратегиялық жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, 50 шақырым жолда күрделі жөндеу, 262 шақырым жолда орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Маңғыстау облысының жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы 6 409,8 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 1 032,9 шақырым, облыстық маңызы бар жолдар – 1 021 шақырым, аудандық маңызы бар жолдар – 1 020,9 шақырым және көше-жол желісі – 3 335 шақырым.


«Казавтожол» ҰК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының орынбасары Қанат Сатыевтің айтуынша, жөндеу жұмыстарына арналған техникалық құжаттаманы әзірлеу кезінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына диагностика жүргізіледі. Бұл жұмыстар «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Маңғыстау облысы бойынша филиалымен бірлесіп атқарылады.

– Диагностика нәтижелері бойынша жол жамылғысының жай-күйі бағаланып, тиісті учаскелерде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жөнінде шешім қабылданады. Бұл ретте жолдың техникалық жағдайы мен нақты қажеттілігі ескеріледі. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау және ағымдағы жөндеу жұмыстары да тұрақты бақылауда болады. Жыл сайын Маңғыстау облысының полиция департаментімен бірлесіп көктемгі және күзгі тексеру жұмыстары жүргізіліп, жолдардың жай-күйі бағаланады және қажетті жұмыс көлемі айқындалады, – деді Қанат Сатыев.

Спикердің айтуынша, жол жөндеу жұмыстары барысында мердігер мекеменің асфальт-бетон зауытынан шығарылатын асфальтобетон қоспасының сапасына бастапқы кезеңнен бастап зертханалық бақылау жүргізіледі. Материал нысанға жеткізіліп, жолға төселгенге дейінгі процесс те бақылауда болады. Осылайша жол құрылысының барлық кезеңінде материалдар мен орындалатын жұмыстардың сапасын бақылауға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылады.

53
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!