Маңғыстауда «Еңбек Жолы» конкурсының өңірлік кезеңінде кімдер үздік атанды?
Маңғыстау облысында еңбек адамының мәртебесін арттыруға, кәсіби шеберлікті дәріптеуге және еңбек әулеттерінің сабақтастығын насихаттауға бағытталған «Еңбек Жолы» конкурсының өңірлік кезеңі қорытындыланды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Байқауға қатысуға ниет білдірген үміткерлерден өтінімдер 1 шілдеге дейін қабылданып, барлығы 14 өтінім түскен. Конкурстың өңірлік кезеңіне мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, қызмет саласына қарамастан кәсіпорындардың барлық қызметкерлері қатысты.
Байқау «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» және «Өндірістің үздік жас маманы» номинациялары бойынша өткізілді.
«Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша 1 орын Сұлушаш Сауытбаеваға бұйырды. Ол Мұнайлы ауданы «Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 жалпы білім беретін мектептің» химия пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Ал 2 орын «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – Маңғыстау магистральдық желі бөлімінің жетекші инженер-экологы Фариза Бекбосынға берілсе, 3 орын «ӨзенМұнайГаз» АҚ №1 мұнай-газ өндіру басқармасы жер асты жабдықтарын диагностикалау және жөндеу цехының қызметкері Мұрат Маткеровтің еншісіне жазылды.
Бұл номинацияда бір ұйымдағы екі немесе одан да көп ұрпақтан тұратын еңбек әулеттерінің еңбек өтілі, жетістіктері мен қоғамдық белсенділігі ескерілген.
«Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымында үздік атанғандар:
1 орын – Ишанов Ержан Нұржаубайұлы, Жетібай кен орны Орталық инженерлік-технологиялық қызметі бастығының өндіріс жөніндегі орынбасары;
2 орын – Боранкулов Болатбек Сагимбекович, «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы №1 мұнай-газ өндіру цехының аға механигі;
3 орын – Рубилова Акмаржан, Ақтау қаласындағы Төлеген Айбергенов атындағы №19 мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі.
Номинацияда жастарға кәсіби бағыт-бағдар беріп, өз тәжірибесімен бөлісіп жүрген, кемінде 20 жыл еңбек өтілі бар тәлімгерлердің жұмысы бағаланды.
«Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бойынша 1 орынға «OSS Kazakhstan» ЖШС инженер-құрастырушысы Сәндібек Қалменше ие болды.
Номинацияда еңбек өтілі 5 жылдан аспайтын, өндірісте белсенділігімен және еңбекқорлығымен ерекшеленген жас мамандардың кәсіби жетістіктері ескерілді.
Конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды. Қалған қатысушылар облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
«Еңбек Жолы» конкурсы еңбек адамын дәріптеп, кәсіби сабақтастықты нығайтуға және жастарды еңбекке ынталандыруға бағытталған.