Ақтауда әмбебап жекпе-жектен ел біріншілігі өтеді
Ақтауда 23-27 қыркүйек аралығында әмбебап жекпе-жектен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Ел біріншілігіне еліміздің 13 облысы мен 3 қаласынан 300-ге жуық спортшы қатысады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы жоғары спорт жетістіктері бөлімінің басшысы Сұңғат Жұбатқан мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, чемпионатты Маңғыстауда өткізу өңірдегі спортты дамытуға, жастарды спортқа тартуға және салауатты өмір салтын насихаттауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ел чемпионаты жергілікті спортшылардың өз шеберлігін ел алдында көрсетуіне жол ашады.
«Әмбебап жекпе-жек спортшыдан күш пен жылдамдықты ғана емес, жоғары төзімділікті, тәртіпті, тактикалық ойлауды және психологиялық дайындықты талап етеді. Сондықтан ел чемпионатын Маңғыстауда өткізу – өңір спортшылары үшін өз мүмкіндіктерін көрсетуге үлкен мүмкіндік», - деді Сұңғат Жұбатқан.
Маңғыстау облысы әмбебап жекпе-жек федерациясының президенті Талғат Есекеновтің айтуынша, чемпионатқа еліміздің әр өңірінен тәжірибелі спортшылармен қатар жас әрі болашағынан үміт күттіретін спортшылар да қатысады. Жарыстың әділ өтуін қамтамасыз ету үшін Қазақстан өңірлерінен 14 төреші төрелік етеді.
«Маңғыстау облысында әмбебап жекпе-жек спортының өзіндік мектебі қалыптасып келеді. Өңір спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Алдағы чемпионатта Маңғыстау құрамасы өз жерінде ел намысын абыроймен қорғайды деп сенеміз», - деді Талғат Есекенов.
Маңғыстау облысының әмбебап жекпе-жектен аға жаттықтырушысы Айболат Мұратұлының айтуынша, қазіргі таңда облыс құрамасының 22 спортшысы чемпионатқа дайындық жүргізіп жатыр. Олардың қатарында ішкі істер органдары, Ұлттық қауіпсіздік органдары, Қарулы күштер және төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері де бар.
«Қазір спортшылардың жарысқа жан-жақты дайындығына баса назар аударып отырмыз. 23 қыркүйекте қатысушыларды тіркеу, құжаттарын рәсімдеу, салмақ өлшеу және жеребе тарту рәсімдері өтеді. Ал негізгі жарыс 24 қыркүйек күні сағат 09:00-де басталады», - деді Айболат Мұратұлы.
Айта кетейік, чемпионат Ақтау қаласындағы «Халық Арена» спорт кешенінде өтеді. Жарыс барысында спортшылар өз салмақ дәрежелері бойынша сынға түседі. Чемпионатты өткізуге қажетті ұйымдастыру жұмыстары, оның ішінде спорт нысанын дайындау, жарыс алаңын әзірлеу және қатысушыларды қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.