Ботулизмге шалдыққан 9 жастағы баланы емдеуге Астанадан дәрігерлер келеді
Ақтауда ботулизм диагнозы қойылған 9 жастағы баланың жағдайына байланысты Астанадан республикалық деңгейдегі мамандар келеді. Олар жергілікті дәрігерлермен бірлесіп, науқастың жағдайын бағалап, емдеу тактикасын талқылайды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Еске салайық, 19 қыркүйекте облыстық ауруханаға ботулизм белгілерімен бір отбасының бірнеше мүшесі түскен. Олардың арасында 9 жастағы бала да бар. Қазір баланың жағдайы аса ауыр, ес-түссіз жатыр.
Үш ересек адам әлі де жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Олардың жағдайы ауыр деп бағалануда. Ал бала облыстық балалар ауруханасында.
Мамандардың айтуынша, бала ауруханаға түскен сәттен бастап оған ботулизмге қарсы сарысу енгізілген. Дәрігерлер бірден консилиум өткізіп, қажетті емді бастаған.
«Науқасқа ауруханаға түскен сәттен бастап ботулизмге қарсы сарысу енгізілді. Бірден консилиум өткізіліп, қажетті медициналық көмек көрсетіле бастады. Бала түскен күннен бері күн сайын Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас инфекционисті және бас реаниматологымен телемедициналық консультациялар жүргізіліп келеді. Сонымен қатар күн сайын консилиум өткізіледі», – деді Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасы директорының ұйымдастыру және емдеу ісі жөніндегі орынбасары Алия Ишимова.
Дәрігерлер емнің барлығын жасаса да баланың жағдайы әлі де аса ауыр. Осыған байланысты республикалық деңгейдегі мамандарды Ақтауға шақыру туралы шешім қабылданған.
«Санитариялық авиация арқылы реаниматолог, инфекционист және невролог мамандарды шақырып жатырмыз. Қосымша консилиум өткізіп, баланың әрі қарайғы емін түзету қажет пе, қандай қосымша көмек керек екенін анықтағымыз келеді», – деді Алия Ишимова.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай да балалар ауруханасына барып, науқастың жағдайымен танысты.
«Біз өз тарапымыздан қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Астанадан мамандар онлайн форматта кеңес берді. Енді ата-анасы Астанадан дәрігерлер келіп, балаларды өздері қарап шығуын сұрады. Жақын арада республикалық орталықтардың мамандары келеді деп күтілуде», – деді облыс әкімі.
Дәрігерлер ботулизмнің шұғыл медициналық көмекті қажет ететін аса қауіпті ауру екенін ескертеді.
Ауру көбіне үй жағдайында дайындалған немесе дұрыс сақталмаған консервілерді, балық, саңырауқұлақ, ет және консервіленген көкөністерді тұтыну кезінде жұғуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, медициналық көмек неғұрлым ерте көрсетілсе, емнің тиімділігі де соғұрлым жоғары болады.
«Көп нәрсе адам ағзасына түскен токсиннің мөлшеріне және бала мен ересектің қанша көлемде тағам тұтынғанына байланысты. Өнімді неғұрлым көп жесе, ағзаға токсин де соғұрлым көп түсуі мүмкін. Ғалымдардың деректеріне сәйкес, ботулиндік токсиннің бір грамының өзі адамда ауыр улану тудыруы мүмкін. Бұл – өте күшті әрі қауіпті токсин. Сондықтан дәрігерлер атынан ата-аналар мен тұрғындарға үндеу жасаймыз: сапасына күмән келтіретін өнімдерді, әсіресе консервілерді тұтынбаңыздар. Мұндай тағамдарды балаларға мүлдем бермеңіздер», – деді дәрігер.