Бейнеу ауылы «Үздік ауыл» республикалық жобасының екінші кезеңіне өтті
АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ - Маңғыстау облысының Бейнеу ауылы «Ауыл» телеарнасы ұйымдастырған республикалық «Үздік ауыл» жобасының екінші кезеңіне өтті.
Жобаның мақсаты - ауылдардың әлеуетін танытып, жетістіктерін насихаттау және елді мекендердің дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегін дәріптеу. Байқау ауылдардың өзіндік ерекшеліктерін көрсетіп, олардың мүмкіндіктерін республикалық деңгейде танытуға жол ашады.
Жоба аясында Бейнеу ауылының тыныс-тіршілігі, әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындардың белсенділігі мен елді мекеннің ерекшеліктері көпшілік назарына ұсынылады. Сондай-ақ ауылдың жетістіктері мен туған жерді көркейтуге бағытталған жұмыстар таныстырылады.
Бейнеу ауылының екінші кезеңге өтуі – Маңғыстау өңірінің жетістіктерін кеңінен насихаттап, ауылдың әлеуетін танытуға берілген мүмкіндік. Бұл кезеңде тұрғындардың қолдауы мен белсенділігі де маңызды рөл атқарады.
Осыған орай, барша маңғыстаулықтарды Бейнеу ауылын қолдап, «Үздік ауыл» республикалық жобасы аясында дауыс беруге шақырамыз. Әр дауыс ауылымыздың абыройын асқақтатып, туған жердің дамуына қолдау білдіруге үлес қосады.