Ақтауда көлікпен адам қаққан жүргізуші айыппұл арқалады
ОTPANNEWS.KZ. - Ақтауда жаяу жүргіншіні қағып, оның денсаулығына жеңіл зиян келтірген жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылды.
Сот шешімімен оған 173 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында азамат М.-ға қатысты әкімшілік іс қаралды.
Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған оқиға 16 қыркүйек күні 17-шағын ауданындағы «Грин Плаза» тұрғын үй кешеніне қарама-қарсы жол аумағында болған. «Hyundai Solaris» автокөлігін жүргізген жүргізуші реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан азамат Ж.-ны қағып кеткен. Салдарынан жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келген.
Сот отырысында жүргізуші өз кінәсін мойындап, жол-көлік оқиғасының абайсызда болғанын түсіндірді. Ал жәбірленуші жүргізушіге қатысты материалдық және моральдық талаптары жоқ екенін айтып, оны кешіргенін жеткізді.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабының 2-бөлігіне сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе тоғыз айға дейін көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы көзделген.
Айта кетейік, сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.