Otpan News Logo

Маңғыстауда Республика күніне орай 100-ден астам іс-шара ұйымдастырылады

|
19.10.2026 18:53
Маңғыстауда Республика күніне орай 100-ден астам іс-шара ұйымдастырылады

OTPANNEWS.KZ.- Республика күні мен Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай Маңғыстау облысында «Тәуелсіздік – Әділетті Қазақстанға бастайтын саналы жол» атты іс-шаралар жоспары бекітілген. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлмира Балғожаева мәлімдеді.


Спикердің айтуынша, жоспар бойынша өңірде 100-ден астам іс-шара өткізу көзделген.


Мерекелік бағдарлама аясында 23 қазанда облыстық салтанатты жиын, азаматтарды марапаттау рәсімі мен концерт өтеді. Ал 25 қазанда өңірде Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі ұйымдастырылады. Сонымен қатар, мереке қарсаңында Батыр ауылындағы 200 орындық мәдениет үйі мен «Маңғыстау» теміржол вокзалын ашу жоспарланған.

- 20-25 қазан аралығында әлеуметтік желілерде «Менің Қазақстаным» челленджі, 23–25 қазан күндері «Қыран елім – Қазақстаным!» патриоттық акциясы өтеді. 25–26 қазанда қала-аудандардың орталық алаңдары мен саябақтарында жәрмеңкелер, концерттер және басқа да мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылады. Сондай-ақ 17–25 қазан аралығында #RepublicDay аясында мерекелік жеңілдіктер мен жәрмеңкелер өткізіледі, - деді Гүлмира Балғожаева.

Маңғыстау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Базаралиеваның айтуынша, 23 қазанда Ақтау қаласында Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған облыстық салтанатты жиын өтіп, жасанды интеллект көмегімен әзірленген «Тәуелсіздік шежіресі: жаңғырған бейнелер» цифрлық көрмесі ұсынылады.

- Өңірдің қала-аудандарында концерттер, көрмелер, шығармашылық кездесулер және патриоттық бағыттағы іс-шаралар өтеді. Мерекелік шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, ел тәуелсіздігінің жетістіктерін насихаттауға және жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыруға бағытталған, - деді Гүлнар Базаралиева.
34
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!