Otpan News Logo

Маңғыстауда ерекше балаларға арналған тоғызқұмалақ орталығы ашылды

|
19.10.2026 20:45
Маңғыстауда ерекше балаларға арналған тоғызқұмалақ орталығы ашылды

OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстауда ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған тоғызқұмалақ орталығы ашылды. Орталықтың негізгі мақсаты – ұлттық ойынды дәріптеу, балалардың зияткерлік қабілетін дамыту және олардың тоғызқұмалақ ойынын меңгеруіне мүмкіндік жасау, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.


Орталықтың негізін қалаушы Шынар Құрметтің айтуынша, мұнда 7 мен 16 жас аралығындағы балалар білім алады. Орталық 50 баланы қамтуға арналған.

- Біздің негізгі мақсатымыз – ұлттық ойынымызды дәріптеп, оның дамуына өз үлесімізді қосу. Мен тоғызқұмалақты бала кезімнен ойнаймын. Төртінші сыныптан бастап мектепті бітіргенге дейін облыстық және республикалық жарыстарға қатыстым. Сол кезден бастап балаларға өзімнің білгенімді үйретіп, осындай орталық ашуды армандайтынмын. Бүгінде сол арманым жүзеге асып жатыр, - деді Шынар Құрмет.

Оның сөзінше, орталықтың ашылуына Жастар басқармасы қолдау білдіріп, Жастар орталығынан арнайы кабинет бөлген. Бұл бастама Маңғыстауда ерекше балаларға тоғызқұмалақ ойынын үйретуге бағытталған алғашқы орталықтың бірі ретінде жүзеге асып отыр.


Жаңа орталық балалардың ұлттық мұраға қызығушылығын арттырып, олардың ойлау қабілеті мен зейінін дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тоғызқұмалақ арқылы балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, ұлттық спорттың қолжетімділігін кеңейтуге жол ашады.

42
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!