Ақтау полицейлері қауіп төнген екі балаға көмек көрсетті
OTPANNEWS.KZ. – Ақтауда «102» арнасына 31Б шағынауданындағы №15 үйдің екінші қабатында кішкентай баланың ашық терезе маңында тұрғаны туралы хабарлама келіп түсті. Бұл жағдай баланың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері пәтерде 6 және 4 жастағы екі баланың ересектердің қарауынсыз қалғанын анықтаған. Белгілі болғандай, балалардың әжесі су алуға төменге шығып кеткен көрінеді.
Учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Абзал Анарбайұлы мен учаскелік полиция инспекторы, полиция подполковнигі Асылбек Көженов балаларды құтқаруға дереу кіріскен.
Соның нәтижесінде полицейлер екінші қабаттағы пәтердің терезесіне көтеріліп, үйдің ішке кірген. Қызметкерлердің жедел әрекеттерінің арқасында екі бала да дер кезінде қауіптен құтқарылып, олар зардап шеккен жоқ.
Бұл орайда Маңғыстау облысының Полиция департаменті ата-аналар мен заңды өкілдерге қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, кішкентай балаларды ешбір жағдайда қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді.