Маңғыстауда медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі артып келеді
Маңғыстау облысында денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайту және медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр.
Биыл денсаулық сақтау ұйымдары үшін бюджет қаражаты есебінен жалпы сомасы 463,2 млн теңгеге 81 бірлік медициналық жабдық сатып алынды. Оның ішінде инкубатор, ашық реанимациялық жүйе, операциялық үстел және басқа да қажетті құрылғылар бар. Жыл соңына дейін жалпы сомасы 3,7 млрд теңгеге 30 бірлік жоғары технологиялық медициналық жабдық сатып алу жоспарланған.
Маңғыстауда радиологиялық зерттеулерді орталықтандыруға бағытталған жоба да іске асырылуда. 2026 жылы бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 2,6 млрд теңге бөлінді. Жоба аясында 17 денсаулық сақтау ұйымын қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету көзделген.
Маңғыстауда балалар денсаулығын сақтау жүйесін дамытуға да ерекше мән беріліп отыр. Өңірде 338 мың бала тұрады. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада үшінші орында. Ал 2025 жылы туу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 21,4-ті құрап, республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірін көрсетті. Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасы 1978 жылы салынған ғимаратта орналасқан. Медициналық мекеме 310 бейіндік төсек-орынға қызмет көрсетеді. Жыл сайын тәулік бойы жұмыс істейтін стационарда 17,9 мыңнан астам бала ем қабылдайды. Ал қабылдау бөліміне жылына 85–90 мың бала жүгінеді.
Өткен жылы Маңғыстауда заманауи позитронды-эмиссиялық томография орталығы іске қосылды. ПЭТ орталығы онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға және ісіктің таралу деңгейін жоғары дәлдікпен бағалауға мүмкіндік береді. Бұған дейін мұндай тексеруден өту үшін жылына шамамен 1 мың тұрғын Астана немесе Алматы қалаларына баруға мәжбүр болған. Биыл жыл басынан бері өңірдегі ПЭТ орталығында 720-дан астам науқас толық тексеруден өтті. Ал шамамен 200 тұрғын өз қалауы бойынша басқа қалаларда тексеруден өткен.
Жедел медициналық жәрдем қызметінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында өткен жылы жергілікті бюджет есебінен 32 санитариялық автокөлік және NCOC компаниясының демеушілігімен тағы 20 көлік сатып алынды. Нәтижесінде күнделікті желіге шығатын жедел жәрдем бригадаларының саны 60-тан 70-ке дейін артты.
Осылайша, өңірде медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңарту, заманауи диагностикалық технологияларды енгізу, медицина мамандарын қолдау және балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.