Жаңартылған Ата заң және білімді ұлт тұжырымы
Мемлекет өмірінде жүзеге асқан Конституциялық жаңғыру – саяси реформаның ғана емес, қоғамдық ойдың жаңғыруының айқын көрінісі.
Қазіргі Қазақстанның қоғамдық дамуы жаңа мазмұн мен жауапкершілікті талап етеді. Бұл өзгерістердің өзегінде – Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясы тұр. Жаңартылған Конституция ел дамуының жаңа кезеңін айқындап берді. Бұл құжаттағы өзгерістерді тек саяси реформа аясында қарастыру жеткіліксіз. Өйткені Ата заңдағы түзетулер білім мен ғылымға негізделген қоғам қалыптастыруды көздейді. Мемлекеттің ұзақ мерзімді тұрақтылығы енді қаржылық ресурстармен емес, зияткерлік әлеуетпен өлшенетінін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
Конституцияда білім алу құқығы әлеуметтік мемлекеттің негізгі тіректерінің бірі ретінде нақты бекітілді. Бұл – білім саласын қосалқы сектордан стратегиялық басымдық деңгейіне көтеруді білдіреді. Білім беру саласындағы мемлекеттік жауапкершілік күшейе түсті, яғни мемлекет сапалы білімге тең қолжетімділікті, білім беру ұйымдарының тұрақты дамуын, педагог мәртебесінің қорғалуын құқықтық тұрғыда қамтамасыз ету міндетін өз мойнына алады.
Білім беру саласы енді тек қызмет көрсету жүйесі емес, ұлттың қауіпсіздігі мен тұрақты дамуының факторы ретінде айқындалуда. Себебі қазір әлемде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстармен емес, білімді ұрпақпен өлшенеді.
Жаңа конституциялық бағыттың өзекті тұстарының бірі – академиялық еркіндік пен университеттердің дербестігін кеңейтуге құқықтық негізделуі. Бұл өзгеріс болашақта білім мен ғылымды орталықтандырылған басқару нысанынан шығармашылық-интеллектуалдық кеңістікке айналдыруға мүмкіндік береді.
Ғылыми ізденістің еркіндігі, зерттеу тақырыптарын таңдаудағы тәуелсіздік, халықаралық академиялық айналымға ашықтық – барлығы да қазіргі заманғы университет моделінің ажырамас бөлігі. Конституциялық деңгейде бұл құндылықтардың мойындалуы Қазақстан ғылымының сапалы дамуына алғышарт жасап отыр.
Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясы – уақыт талабынан туған құжат. Бірақ оның тарихи маңызы қағазда емес, оны іске асыратын саналы ұрпақта.
Егер білім мен ғылым конституциялық нормадан нақты мемлекеттік басымдыққа айналса, онда Қазақстан зияткерлік ұлт қалыптастыру жолына түсті деп баса айта аламыз.
Ақмарал МҰРАТБЕКҚЫЗЫ,
Ш.Есенов атындағы КТжИУ-дің бизнес және туризм факультетінің
қоғаммен байланыс және студенттермен жұмыс жөніндегі вице-деканы