Otpan News Logo

Жаңаөзенде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталығы ашылды

|
29.01.2026 14:34
Жаңаөзенде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталығы ашылды

Жаңаөзен қаласында ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған заманауи үлгідегі «Айнала» оңалту орталығының техникалық ашылуы өтті, деп хабарлайды otpannews.kz. 


Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтай отырыстарында ерекше қажеттілігі бар балаларға кешенді қолдау көрсету жөнінде берген тапсырмалары аясында жүзеге асты. Орталық Маңғыстау облысы әкімдігінің бастамасымен, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Baquatty aimaq qory» қорының қолдауымен ашылды.


Жаңа орталықтың ашылуына облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысты. Ашылу кезінде нысанның материалдық-техникалық мүмкіндіктері көпшілікке таныстырылды.



Орталықта тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары, ДЦП, даун синдромы, аутизм спектрінің бұзылыстары және өзге де диагноздары бар 3-18 жас аралығындағы балалар кешенді оңалту қызметтерін ала алады. Мұнда АВА-терапия кабинеттері, механотерапия залдары, сенсорлық интеграция кеңістіктері, сондай-ақ балалардың күнделікті өмір дағдыларын қалыптастыруға бағытталған еңбек және арт-терапия шеберханалары қарастырылған.



Орталық жылына 840 балаға дейін қабылдайды. Мұнда педиатрлар, невропатологтар, реабилитологтар, дефектологтар, логопедтер және өзге де 60-қа жуық маман қызмет көрсетеді. Орталық балаларды наурыз айынан бастап қабылдайды.


Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінде облыс бойынша ерекше күтімді қажет ететін 8113 бала бар. Оның 1500 Жаңаөзен қаласында тіркелген. Бұған дейін мемлекеттік оңалту орталығының болмауына байланысты ата-аналар балаларын Ақтау қаласына апаруға мәжбүр болған. Жаңа орталықтың ашылуы бұл мәселені айтарлықтай жеңілдетіп, қажетті қызметтерді жергілікті жерде алуға мүмкіндік беріп отыр.


37
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!