Otpan News Logo

Маңғыстаулық дәрігерлер нәрестелер өлімін азайтуда оң нәтижеге қол жеткізді

|
29.01.2026 09:26
Маңғыстаулық дәрігерлер нәрестелер өлімін азайтуда оң нәтижеге қол жеткізді

Маңғыстау облысында нәрестелердің, соның ішінде перинаталдық өлім-жітім көрсеткішінің төмендеуі бойынша оң динамика байқалады. Бұл жетістікте заманауи диагностика мен емдеу әдістерін қолданатын облыстық перинаталдық орталық мамандарының еңбегі зор, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Өткен жылдың ішінде орталықтың неонаталдық хирургия бөлімшесінде 31 күрделі ота жасалды. Дәрігерлердің жоғары кәсібилігінің арқасында хирургиялық араласудан кейінгі нәрестелердің аман қалу деңгейі 95 пайызды құрап отыр.


Түпқараған ауданының тұрғыны Бибінұр Әлішбаева орталық мамандарының көмегімен бесінші сәбиін аман-есен бауырына басты. Жүктіліктің 26-аптасында, 1 келі 90 грамм салмақпен туған нәресте 40 күн бойы реанимацияда дәрігерлердің жіті бақылауында болды.


«Бұл біздің өміріміздегі ең ауыр күндер болды. Балаларымыздың өмірі үшін күн сайын күресетін медициналық қызметкерлерге шын жүректен алғыс айтамын»,- дейді Бибінұр Әлішбаева. .


Қазіргі таңда орталық салмағы 500 грамнан басталатын, жағдайы өте ауыр нәрестелерді күтіп-баптауға қажетті барлық техникамен жабдықталған. Соңғы уақытта реанимация бөлімшесі тағы 10-нан астам жаңа аппаратпен толықты.


Дәрігер-неонатолог Дана Дәуілбаеваның айтуынша, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде перинаталдық өлім-жітім көрсеткіші 0,9 промиллеге төмендеді. Ал неонаталдық өлім деңгейі 0,5 промиллеге азайған.


Айта кетейік, қазіргі уақытта орталықтың реанимация бөлімшесінде салмағы 500 грамнан 1,6 келіге дейінгі 11 нәресте дәрігерлердің тәулік бойғы бақылауында ем алып жатыр.

36
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!