Құтырудың алдын алу: Өткен жылы Маңғыстауда екі мыңға жуық адам зардап шеккен
Өткен жылы Маңғыстау облысында жануарлардың шабуылынан екі мыңнан астам адам зардап шеккені мәлім болды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Оқыс жағдайдан зардап шеккендердің 52 пайызы ит қабуына, 42 пайызы мысық тістеуіне тап болған. Қалған жағдайларда тұрғындар түлкі, қарсақ және ірі қара малдан жарақат алған. Зардап шеккендердің шамамен әр екіншісі – 14 жасқа дейінгі балалар көрінеді.
Өңірде қауіп-қатерді азайту мақсатында ветеринариялық қызмет құтыру ауруының алдын алу бойынша профилактикалық шаралар жүргізіп келеді. Биыл жабайы жануарларды иммундау жоспарланып отыр. Ол үшін үш мың доза жеуге арналған вакциналық жем қолданылмақ.
Мамандар құтырудың жануарлар мен адамдардың орталық жүйке жүйесін зақымдайтын аса қауіпті жұқпалы ауру екенін ескертіп отыр. Уақытылы медициналық көмек көрсетілмеген жағдайда бұл дерт өлімге әкелуі мүмкін. Ауру көбіне жұқтырған жануар тістегенде, сондай-ақ оның сілекейі терінің зақымдалған бөлігіне немесе шырышты қабаттарға түскенде жұғады.
Егер үй жануары жабайы аңның шабуылына ұшыраса, дереу ветеринариялық маманға жүгіну қажет. Ал жануар тістеп алған немесе сілекейімен байланыс болған адамдарға уақыт созбай медициналық көмекке жүгіну ұсынылады.
«Құтыру ауруының негізгі белгілеріне мазасыздық пен қорқыныш сезімінің күшеюі, дыбысқа және суға жоғары сезімталдық жатады. Науқаста жұтынудың бұзылуы байқалады. Су ішуге талпынғанда немесе суды көргенде бұлшықет түйілуі пайда болып, сұйықтықты қабылдау мүмкін болмайды. Сонымен қатар жарыққа жоғары сезімталдық – жарықтан қорқу белгісі байқалады», - деді Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнәр Көркінбаева.