Маңғыстау бренді Дубайда: Жаңаөзеннің сүт өнімдері халықаралық көрмеге шықты
Жаңаөзен қалалық сүт зауыты Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында өтіп жатқан әлемдегі ең ірі азық-түлік көрмелерінің бірі – Gulfood алаңында өз өнімдерін таныстырды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, кәсіпорын отандық өнімді халықаралық нарыққа шығару және экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында Қазақстанның намысын қорғауда.
50-ден астам мемлекеттің өндірушілері мен ірі дистрибьюторлары бас қосқан бұл беделді көрмеде Жаңаөзен зауыты экологиялық таза өнімдер мен өңірдің төл ұлттық тағамдарын шетелдік серіктестерге ұсынуда. Қазіргі таңда зауыт өкілдері әлемдік нарық ойыншыларымен іскерлік байланыс орнатып, ынтымақтастық мәселелерін талқылауда.
Кәсіпорынның дамуындағы маңызды қадамдардың бірі – жақында ғана Жаңаөзенде іске қосылған сублимацияланған құрғақ түйе сүтін өндіретін цех. Бұл жаңа өндіріс орны жоғары сапалы, ұзақ сақтауға төзімді өнім шығаруға маманданған. Қазірдің өзінде кәсіпорын өнімдерін Қытай мен Біріккен Араб Әмірлігінің нарықтарына жеткізу бойынша келіссөздер белсенді жүріп жатыр.
Зауыт басшылығы өндіріс көлемін ұлғайтуды да басты назарда ұстап отыр. Егер бұған дейін кәсіпорын 30-ға жуық шаруа қожалығынан жылына 68 мың литр сүт қабылдаса, алдағы уақытта бұл көрсеткішті екі есеге арттыру жоспарлануда. Бұл қадам жергілікті ауыл шаруашылығын қолдауға және жыл бойы шұбат өнімінің үздіксіз қолжетімді болуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.