Otpan News Logo

Сезіммен салынған сурет: суретші Венера Жұмағалиевамен сұхбат

|
28.01.2026 16:20
Сезіммен салынған сурет: суретші Венера Жұмағалиевамен сұхбат

Ғалымдар сурет салуды адам жанын тыныштандыратын тиімді терапиялардың бірі деп есептейді. Сурет арқылы адам ішкі жан дүниесіндегі сезімін қағаз бетіне түсіріп, ойын еркін жеткізе алады. Otpannews.kz тілшісі суретті жан-тәнімен салатын, сондай-ақ шәкірт тәрбиелеп, бала жүрегінен орын тапқан суретші, ұстаз Венера Жұмағалиевамен сұхбаттасты.


– Венера ханым, сурет өнеріне қалай келдіңіз?


– Сурет салумен айналысып келе жатқаныма 25 жыл болды. Бала кезімнен сурет салғанды ұнатамын. Ата-анам мені кішкентайымнан түрлі өнерге баулыды. Өзімді ерекше жанмын деп есептеймін, бірақ ата-анам мені ешқашан ерекше бала ретінде қабылдаған емес. Керісінше, қоғамға бейімдеп, белсенді етіп өсірді. Оларға алғысым шексіз.


– Сіз балаларды сурет өнеріне баулып жүрсіз. Қазіргі таңда қай жерде сабақ бересіз?


– Қазіргі уақытта Ақтау қаласындағы «Оқушылар сарайында» балаларға сурет үйірмесінен сабақ беремін. Мұнда ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар да келіп сурет салады. Сол себепті арнайы инклюзивті топ ашылды.


– Ерекше балалармен жұмыс істеудің қиындығы мен жауапкершілігі туралы айтып өтсеңіз.


– Әрине, ерекше балалармен жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Дегенмен мен барлық баланы бөліп-жармай, бірдей қараймын. Жалпы, балалармен жұмыс істегенді жақсы көремін. Сабақ барысында тек сурет салдырып қана қоймай, қол моторикасын дамытатын, ми қызметінің жұмысын жеделдететін түрлі әдістерді қолданамын.


– Сурет салудың қандай түрлерін үйретесіз?


– Сурет салудың тәсілдері өте көп. Балаларға суретті бастан-аяқ дұрыс салу жолдарын үйретемін. Сонымен қатар майлы бояумен сурет салу, пастамен өрнектеп бояу, су бетіне сурет салу сияқты әдістерді де меңгертемін.


– Сурет өнерінде жүргеніңізге 25 жыл болыпты. Алдағы жоспарыңыз қандай?


– Мен махаббатқа бөленіп өскен баламын. Арманым – жетім балалармен жұмыс істеп, олардың бойындағы қабілеттерін ашу. Бала күнімде балалар үйіндегі жетімсіреген, мұңлы жүздерді жиі көретінмін. Тіпті 15 жыл балалар үйінде де қызмет атқардым. Алдағы уақытта жеке шеберхана ашып, жетім және ерекше балалармен жұмыс істегім келеді.


– Ерекше балалардың ата-аналарына айтар сөзіңіз бар ма?


– Егер балаңыз ерекше болса, оған бар махаббатыңызды арнаңыз. Олар мейірім мен жылулыққа өте мұқтаж. Қоғамнан шеттетпей, ортаға араластырып, түрлі үйірмелерге қатыстырып, үнемі қолдап отырған жөн.


– Венера ханым, уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!


Ақырыс БИСЕНОВА.

66
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!