Otpan News Logo

Көлеңкелі экономика және капиталды жылыстату: Президент нақты шаралар қабылдауды жүктеді

|
28.01.2026 15:23
Көлеңкелі экономика және капиталды жылыстату: Президент нақты шаралар қабылдауды жүктеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің алдында елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелерді көтерді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Президенттің мәлімдеуінше, жаңа салық саясаты енгізілгелі бері бөлшек саудада нақты айналымды жасыру үшін қолма-қол ақшамен есеп айырысу көлемі күрт артқан. Кәсіпкерлердің төлем түріне қарай тауарға екі түрлі баға қоюы мемлекеттің реформаларын тежеп отыр.


«Бөлшек саудамен айналысатын саудагерлер тауардың ақысын қолма-қол ақшамен немесе аударым арқылы төлегеніне қарай салық сомасын шегеріп, екі түрлі баға айта бастады. Бұған, әрине, көз жұма қарауға болмайды. Өйткені мұндай әрекеттер мемлекеттің салықты әкімшілендіру тетіктерін жетілдіру бағытындағы еңбегін зая кетіреді», – деді Президент. 


Сонымен қатар капиталды астыртын криптооперациялар арқылы заңсыз шығару мәселесі өткір тұр. Бүгінде 62 миллиард теңгеден астам қаржы айналымы бар 130 заңсыз криптоалмасу қызметі жойылып, 2,6 миллиард теңгенің мүлкіне тыйым салынса да, бұл саладағы заңсыз жарнамалар әлі де тыйылмай отыр. 


Халықаралық ұйымдардың дерегіне сүйенген Мемлекет басшысы Қазақстанның капиталды сыртқа шығару көлемі бойынша «көш бастап тұрған» елдердің қатарында екенін, бірақ мұндай қылмыстар үшін жауапқа тартылғандардың тым аз екенін сынға алды. 


«Капиталдың заңсыз сыртқа кетуі экономикалық қауіпсіздігімізге тікелей қатер төндіреді. Агенттік аталған мәселелер бойынша нақты ұсыныс енгізсін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
50
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!