Жаңаөзенде Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығын дәріптейтін «Әбіштану» кабинеті ашылды
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Жаңаөзен қаласына барған іс сапары аясында №5 мектеп-гимназиясында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының рухани мұрасын насихаттауға арналған «Әбіштану» кабинетінің ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, арнайы жабдықталған жаңа оқу кеңістігінің басты мақсаты – оқушыларды тұлғатану, ұлттық рух пен парасат құндылықтарына тәрбиелеу. Кабинетте жазушының өмірі мен шығармашылық мұрасын терең таныстыруға арналған дерек, интерактивті ақпараттық бұрыш, сондай-ақ оқушылардың шығармашылық жұмысы мен зерттеуіне бағытталған арнайы аймақ жасақталған.
Салтанатты шарада өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай жас ұрпақтың адамгершілік және рухани дамуы үшін мұндай кабинеттердің маңызы зор екенін айтты.
«Әбіш әлемі – ұлттық рухтың, парасаттың, терең ойдың мектебі. Жас буынға осындай тағылымды орындар керек. Бүгін ашылған кабинет өскелең ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп, елдік мұратқа адал болуға тәрбиелеуге қызмет етеді», – деді аймақ басшысы.
Іс-шарада «Отан» және «Құрмет» орденінің иегері, ақын Светқали Нұржан және Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы, ардагер ұстаз Андрей Нұртаев құттықтау сөз сөйлеп, Әбіш Кекілбайұлының шығармашылық мұрасының жас ұрпақ үшін маңызын атап өтті. Одан кейін лента қию рәсімі өтіп, қонақтар кабинет жұмысымен танысты.
Кабинеттің мазмұны мен негізгі бағыттары туралы №5 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, кабинет меңгерушісі Роза Жаңғақбаева таныстырылым жасады. Сондай-ақ дарынды оқушылар жазушының шығармаларынан өлеңдер оқып, қонақтарға рухани әсер сыйлады.