Мұнайлы ауданында гараж өртеніп, от көрші үйдің шатырына өтті
20 қараша күні сағат 22:40-та Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылында орналасқан 577-үйдің аумағындағы жеке гараж тұтастай өртеніп кетті. Қатты лаулаған жалын көрші тұрған 579-үйдің шатырына да тараған, деп хабарлайды otpannews.kz.
ТЖД мәліметі бойынша, өрттің жалпы аумағы 150 шаршы метрді құраған.
Зардап шеккендер жоқ.
Өрт сағат 23:00-де оқшауланып, 23:10-да толық сөндірілген.
Оқиға орнында болған жедел жәрдем бригадасына 4 адам, оның ішінде 3 бала медициналық көмекке жүгінген. Дәрігерлер тексеріп, барлығының жағдайы қанағаттанарлық екенін анықтады, ауруханаға жатқызу қажеттілігі болмаған.
Өртті сөндіруге ТЖД-ның 13 қызметкері мен 4 техникасы, сондай-ақ ССП-ның 6 қызметкері және 2 техникасы жұмылдырылды.
ТЖД тұрғындарды электр жабдықтарын, жылыту құрылғыларын және газ құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.