Боранқұлда ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған орталық жұмысын бастады
Бейнеу ауданына қарасты Боранқұл ауылында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған «Боранқұл психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» ашылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Қанағат Назарханов, аудандық білім бөлімінің басшысы Шоқан Жаулиев және ауыл тұрғындары қатысты.
Бұл орталық Маңғыстау облысы әкімінің 2024 жылғы қаулысына сәйкес құрылып, балалардың жан-жақты дамуына қажетті барлық жағдаймен толық қамтамасыз етілді. Мұнда дефектолог, логопед, психолог кабинеттері, АФК және ЛФК залдары, сенсорлық, медициналық және әдістемелік бөлмелер жұмыс істейді.
Боранқұл ауылында ерекше білім беруді қажет ететін 110 бала бар. Бүгінгі таңда орталыққа 34 бала қабылданып, әрқайсысына жеке бағытталған түзету-педагогикалық көмек көрсетілуде. Балалар арасында тірек-қимыл аппараты бұзылған, сөйлеу тілі дамымаған, психикалық дамуы тежелген, даун синдромы бар және мінез-құлық ерекшеліктері бар тәрбиеленушілер бар.
Орталықта 11 кәсіби педагог – тәжірибелі модераторлар, дефектологтар, логопедтер мен психологтар жұмыс істейді. Олар балалардың әлеуметке бейімделуіне, жеке қабілеттерін дамытуға және ата-аналарға қажетті қолдау көрсетуге дайын.
- Бұл маңызды нысанның іске қосылуы – ауданымыздағы әлеуметтік бағыттағы үлкен қадам. Ерекше балалардың сапалы қызметке қол жеткізуіне жағдай жасап, ата-аналарға сенім сыйлайтын орталықтың ашылуына үлес қосқан барлық азаматтарға алғыс білдіреміз, - деді Қанағат Назарханов.