«Заң мен тәртіп – қоғам тұрақтылығының кепілі» тақырыбында кездесу өтті
Ақтау қалалық қоғамдық даму орталығының ұйымдастыруымен Маңғыстау энергетикалық колледжінде «Заң мен тәртіп» тақырыбы аясында кездесу өтті.
Кездесуге арнайы шақырылған қонақтар – Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Токанов Мади Кайламбекович және Ақтау қаласы полиция басқармасының КТІЖ инспекторы, полиция капитаны Жүсіпбеков Өркен Мұсаұлы болды.
Мади Қайламбекұлы өз сөзінде жастар арасында кең тараған зиянды әдеттердің — темекі шегу, ішімдік ішу, есірткі қолданудың психикалық және физикалық денсаулыққа, сонымен қатар болашақ өмірге тигізер кері әсері туралы жан-жақты айтып өтті.
Өркен Мұсаұлы өз кезегінде жастарға құқық бұзушылықтың түрлері мен оның заң алдындағы жауапкершілігі туралы түсіндіріп, құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында кеңес берді.
Шараның негізгі мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңға құрметпен қарау және құқық бұзушылықтың алдын алу болып табылады.
Іс-шара соңында студенттер мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пайдалы ақпараттар алды.