Маңғыстауда білім беру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік жобалар жүзеге асырылды
Маңғыстауда білім беру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік жобалар жүзеге асырылды. Облыстық білім басқармасының биылғы әлеуметтік жобаларын «Маңғыстау жергілікті бастама орталығы» қоғамдық қоры жүзеге асыруда, деп хабарлайды otpannews.kz.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, басты мақсат – аймақтағы білім беру сапасын арттыру, мектепішілік бақылауды күшейту және педагогтар мен білім алушылар арасында туындайтын мәселелерді анықтау, өңірдегі педагогикалық әдістемелер мен оқыту жүйесінің ерекшеліктерін көрсету, аудан, қалалардағы колледждер мен мектептердің материалдық-техникалық базасымен таныстыру, үздік педагогтер мен оқушылардың жобаларын жария ету.
Аймақта білім беру сапасын көтеру және озық тәжірибелерді насихаттау мақсатында екі ауқымды жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда: «Білім сапасын бақылау: жаңа көзқарас» және «Аймақтағы білім беру саласының озық тәжірибелері».
Жоба аясында нақты іс-шаралар бекітілді, сарапшылармен келісім шарттар жасақталды. Жобаға қамтылатын мектеп тізімі, курстан өтетін мұғалімдер тізімі жасақталып, жауапты мамандар бекітілді, бақылау және бағалау жұмыстарының кестесі жасақталды. Мобилография және SMM бағыттары бойынша мемлекеттік білім беру ұйымдарының ақпараттық ашықтығына жауапты 70 маман екі күндік курстан өткізіліп, біліктілігін арттырды. Оған 1 республикалық, 2 жергілікті деңгейдегі үздік мамандар тартылды.
Білім алушылардың жетістіктеріне әсер ететін факторларды анықтау мақсатында 4, 8–9 сынып оқушылары арасында сауалнама жүргізілді. Сондай-ақ 13–24 қазан аралығында 20 мектепте зерделеу жұмыстары ұйымдастырылып, мұғалімдер мен сынып жетекшілерінің қызмет сапасы, үйірмелер мен факультативтердің тиімділігі қаралды.
Маңғыстау облысының үздік білім беру тәжірибелерін жариялау үшін барлық қала мен ауданда БАҚ өкілдеріне арналған 7 баспасөз туры ұйымдастырылды. Ақпараттық тур 16 қазан мен 18 қараша аралығында 21 елдімекен мен 37 оқу орнын қамтыды.
Сонымен бірге «Білім беру ұйымдары педагогтарының кәсіби құзыреттілігін арттыру» бойынша «Өрлеу» кәсіби даму институтында 28 қазан 14 қараша аралығында 8 пән бойынша 12 онлайн 40 сағаттық курс ұйымдастырылып, 300 педагог қатысты. Қатысушыларға сертификат табысталды. Аймақтың білім беру саласындағы өзекті мәселелерін талқылау мақсатында срапшылардың, оқытушылар мен студенттердің қатысуымен 3 онлайн дискуссия, 1 онлайн вебинар өткізіліп, 140-қа жуық адам қатысты.