Каспий теңізін қорғаудың өзекті мәселелері талқыланды
18 қараша күні Иранның Рашт қаласында «Каспий-достық пен аймақтық даму көпірі» тақырыбында Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Сейед Аббас Арагчи мен мәдени мұра, туризм және қолөнер министрі Сейед Реза Салехи Амиридің және Каспий жағалауы елдерінің теңізбен шекаралас облыстары әкімдерінің қатысуымен ресми кездесу өтті.
Иран Ислам Республикасының бастамасымен аймақтық ынтымақтастықты нығайтуға, Каспий теңізіндегі тұрақты даму мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы экономикалық өзара әрекеттесуді және үйлестіруді арттыруға бағытталған бұл екі күндік кездесуге Ресей, Әзірбайжан, Қазақстан және Түрікменстан делегациялары қатысты.
Жиынға Қазақстан Республикасы тарапынан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев қатысып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырза Каспий теңізімен шектесетін бес елмен қарым-қатынасқа үлкен мән береді, мұны Маңғыстау облысы мен Каспий маңы елдері арасындағы өзара сауда көрсеткіштері растайды. 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында сауда көрсеткіші 171 миллион доллардан асты. Қолайлы географиялық орналасуына байланысты Маңғыстау облысы көлік, логистика, портты дамыту, ауыл шаруашылығы және туризм сияқты әртүрлі салаларда қолайлы инвестициялық ахуалға ие және ынтымақтастықты нығайтуға көмектесетін барлық бастамаларды қолдауға дайын екенін мәлімдейді»,-деп атап өтті Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев.
Екі күндік кездесудің соңында Каспий теңізі жағалаудағы облыстары әкімдеірнің бірінші кездесуінің қорытынды мәлімдемесіне барлық қатысушылар қол қойды.