Облыс дәріханаларына вирусқа қарсы құрамында осельтамивир бар препараттар жақын күндері жеткізіледі
Әлеуметтік желілерде Маңғыстау тұрғындары соңғы аптада дәріханалардан құрамында осельтамивир бар дәрілерді таба алмай жүргендерін айтып шағымдануда. Қазіргі таралып жатқан тұмау вирусына нақты осы препараттар ғана көмектесуде. Осыған байланысты otpannews.kz редакциясы облыстық медицина және фармацевтикалық бақылау департаментіне байланысқа шықты.
Департамент өкілдері күнделікті негізде дәріханалардың бөлшек сауда желісіне мониторинг жүргізіліп, маусымдық тұмау мен ЖРВИ-ге қарсы дәрілермен қамтамасыз ету үшін дистрибьюторлармен тұрақты жұмыс жасалып жатқанын хабарлады.
«Қазіргі таңда негізгі вирусқа қарсы препараттардың барлығы дәріханаларда бар. Сонымен қатар парацетамол мен ибупрофен қосылған дәрілер, сондай-ақ олардың түрлі комбинацияларының басым бөлігі барлық дәріханаларда ұсынылған. Мониторинг талдауы бойынша облыста вирусқа қарсы дәрілер қоры жеткілікті: 20 түрлі қызу түсіретін препараттар — 121 996 қаптама, 55 түрлі вирусқа қарсы препараттар — 52 322 қаптама (Антигриппин, Ингавирин 30/60/90 мг, Гроприносин, Полиоксидоний, Эргоферон, Кагоцел, Арпефлю, Тилаксин, Анаферон, Галавит, Валтеро, Ациклостад, Валовекс, Улкарил, Умкалор, Афлубин және т.б.). Мысалы, антигриппин және басқа да вирусқа қарсы препараттар 252-ден астам дәріханада бар, қызу түсіретіндер — 241 жерде. Ал осельтамивир бар дәрілер бүгінде «Зерде» және «Фарматека» дәріхана желілерінде бар. Жеткізілім жүріп жатыр, вирусқа қарсы дәрілер бойынша айтарлықтай тапшылық жоқ», — деді департамент өкілдері.
Алайда, дәрігерлердің айтуынша, үйреншікті вирусқа қарсы дәрілер қазіргі тұмау штамына тиімді емес. Бұл жағдайда нақты көмектесе алатын жалғыз препарат — құрамында осельтамивир бар дәрілер. Дегенмен, тұрғындардың сөзінше, оларды табу өте қиын.
«Осельтамивир» (Флукап, Флубер, Тамифлю) препаратына соңғы екі аптада бүкіл ел бойынша сұраныс күрт артты. Осыған байланысты көтерме және бөлшек саудада да тапшылық байқалды. Денсаулық сақтау министрлігі ірі жеткізушілер және өндірушілермен мәселені пысықтап, қажетті көлемде жеткізуді қамтамасыз етуде. Препараттың жаңа партиясының Үндістаннан жақын күндері елімізге келуі күтіледі. Облыстарға дәрілер Костанай, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалаларынан автокөлік арқылы жеткізіледі. Көтерме қоймалар апта сайын дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды қабылдап отыр. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты дистрибьюторлар айлық қор қалыптастыру үшін қосымша тапсырыстар жасауда.
Жақын күндері (23 қараша, 24–28 қараша) «Эмити-Интернешнл», «Медсервис Плюс», «Инкар Актау», «Сто Фарм», сондай-ақ «Зерде» компанияларына вирусқа қарсы дәрілердің жаңа партиясы жөнелтіледі. Дистрибьюторлар және ірі дәріханалық желілермен өңірдегі тұмау және ЖРВИ маусымына дайындық бойынша тұрақты түрде кеңестер өткізіліп келеді.
Маңғыстау облысындағы дәрілік қамту жағдайы біртіндеп тұрақталып келеді. Вирусқа қарсы препараттардың тапшылығы азайып жатыр, балаларға арналған қызу түсіретін дәрілердің түрі көбейген. Бүгінде «Зерде» және «Фарматека» дәріханаларына «Флубир», «Флукап» препараттары келді. Жақын уақытта «Медсервис», «Инкар», «Эмити Интернешнл», «Сто Фарм» желілеріне де жеткізіледі. Дәрілердің болуы сатылым мен жеткізілімге байланысты тұрақты өзгеріп отырады.
Стационарда ем алып жатқан тұмау және ЖРВИ диагнозы бар науқастар МӘМС және ТМККК аясында қызу түсіретін және вирусқа қарсы дәрілермен, соның ішінде осельтамивирмен («Флукап», «Флубер», «Тамифлю») тегін қамтамасыз етіледі», — деп толықтырды департамент өкілдері.