Ақтауда өрт сөндіру депосы ашылады
Ақтауда халық санының артуына байланысты жаңа өрт сөндіру депосы пайдалануға беріледі, деп хабарлайды otpannews.kz.
«AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл мәселе «AMANAT» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында басым бағыт ретінде белгіленген еді.
Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті Ақтауда жаңа өрт сөндіру депосын салу қажеттілігі туралы мәселе көтеріп, «AMANAT» партиясының облыстық филиалынан жер телімін бөлуге қолдау сұраған. Бұл ұсыныс депутаттық фракция отырысында қаралып, облыстық мәслихат депутаттары Ақтау қаласы әкімдігімен бірлесіп қажетті жер телімін бөлуге ықпал етті.
Нәтижесінде 2024 жылы нысанның құрылысы басталып, жоба сайлауалды бағдарлама аясында партиялық бақылауға алынды. Құрылыс барысын Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Нұри Тумышев бақылап келеді.
Аймақтық Партиялық бақылау комиссиясы Ақтаудың 35 шағынауданында орналасқан нысанға кезекті мониторинг жүргізді. Іс-шараға облыстық мәслихат депутаты Нұри Тумышев, қалалық мәслихат депутаты Ислам Үсенов, Партиялық бақылау инспекторы Арыстан Хибасов және атқарушы органдар мен мердігер өкілдері қатысты.
Мердігер компания «Альянс LTD» ЖШС мәліметінше, қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 96 пайызы аяқталған. Өрт сөндіру депосын 2025 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланған.
Маңғыстау облыстық ТЖД бастығының бірінші орынбасары Мирбек Қараевтың айтуынша, Ақтау қаласының аумағы кеңейген сайын өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету өзекті мәселе болған.
– Төменгі шағынаудандардан жоғарғы шағынаудандарға жету көп уақыт алатын. Жаңа өрт сөндіру депосы ашылса, оқиға орнына 7–8 минут ішінде бару мүмкіндігі туады. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздігі үшін өте маңызды қадам, – деді ол.
Жаңа депода өрт сөндірушілерге арналған оқу-жаттығу алаңы, арнайы көлік тұрағы, отбасылы қызметкерлерге арналған жатақхана қарастырылған.
Ақтауда салынып жатқан өрт сөндіру депосы – өңірдің инфрақұрылымын жақсартып, өрт қауіпсіздігі деңгейін көтеруге бағытталған маңызды жоба. Нысанның жоспар бойынша іске қосылуы «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген міндеттердің нақты орындалып жатқанын дәлелдейді.