«Біз адам емеспіз бе?»: Ақтауда 9-шағынаудан тұрғындары көпқабатты үйдің құрылысына қарсы
Ақтау қаласының 9-шы шағын ауданында тұрғындар көпқабатты үй салуға қарсылық білдіріп отыр. Көпқабатты үй салынатын жерде бұрын ЖЭК-тің шаруашылық ғимараты болған. Бұл жер 2020 жылы тендер арқылы сатылып, құрылыс компаниясына өткен. Келісімшарт сомасы 72,4 млн теңге болған, деп хабарлайды otpannews.kz.
Алайда жер учаскесі мен ғимаратқа қатысты сот көп болды. Алғашқысында 2021 жылы құрылыс компаниясы жердің мақсатын өзгерту үшін сотқа жүгінген. Әкімдік пен «Каспий» ӘКК өзара келіспей, сот шешімі құрылысшының пайдасына шыққан. 2024 жылы да сот тағы құрылысшыны қолдап, оған жеті қабатты тұрғын үй салуға рұқсат беріпті.
Сот шешімінде тұрғын үй салу қалалық құрылыс, санитарлық нормаларды және басқа тұлғалардың мүдделерін бұзбайды деп көрсетілген. Ал біздің мүдделеріміз ескерілмей ме? Біз адам емеспіз бе? Біз құрылысшының өкілімен екі рет кездестік. Құжаттарды көрсетпеді, жобаны ноутбуктен тез көрсетті, ашты да бірден жапты, – дейді тұрғындар.
Тұрғындар құрылыс кезінде шұңқыр қазу жұмыстарындағы дірілден үйлерге зақым келе ме деп қорқады. Ал ескірген инженерлік желілерге жаңа үй қосылса, жүктеме артып, көтере алмай қалуы мүмкін.
Коммуналдық қызметтер көпқабатты үй салуға болады дейді, бірақ желілер бұрынғыдай күшті емес. 41 пәтер су, жылу, электр тұтынатыны анық. Қандай желілер бұл жүктемені көтереді?, – деп алаңдайды тұрғындар.
Сонымен қатар, бұл шағынаудан жолдары тым тар, қасында балалар бақшасы мен көп үйлер бар, ал салынатын үйдің өзінің автотұрағы жоқ.
Құрылысшының өкілімен екінші кездесуіміз 8 қарашада өтті. Бізге құрылыс бастау үшін тағы бір құжат қажет екенін айтты, бірақ оны олар тек үш аптадан кейін ғана алады. Демек, құжат алынғанға дейін құрылыс бастауға құқығы жоқ. Алайда олар жерді қоршап, техника әкеліп, шұңқыр қазып, 8-үйге жақын жолдың бір бөлігін жауып қойды. Егер 8-үйде өрт болса, өрт сөндіру көліктері балкон жақтан өте алмайды. Ал құрылысшыны бұл мүлде қызықтырмай отыр, – дейді тұрғындар.
Редакция Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының реми пікірін күтіп отыр.