Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

“UMAY: Өзгеріс тәжірибесі”: Дамушы әйелдер марапатталды

|
21.11.2025 11:54
“UMAY: Өзгеріс тәжірибесі”: Дамушы әйелдер марапатталды

Ақтауда әйелдердің тұлғалық және кәсіптік дамуына бағытталған «UMAY: Өзгеріс тәжірибесі» тренингінің жабылу салтанаты өтіп, қатысушылар марапатталды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Алғашында 200-ден астам өтініш түсіп, арасынан іріктелген 100 әйел 5 бағыт бойынша білім алды. Мемлекеттік тапсырыс, бухгалтериялық есеп негіздері, жасанды интеллект және мобильді журналистика, коммуникация және жеке бренд, сондай-ақ тігін үйірмесі бағыттары бойынша өткен сабақтар қорытындыланып, үздік 10 қатысушыға ұйымдастырушылар атынан сый табысталды. 


“Бұл жоба – әйелдердің басын біріктіріп, дамушы орта қалыптастыруға түрткі болған үлкен бастама. Қатысушылар қатарында көп жылдан бері бала күтімімен үйде отырған, жалғызбасты немесе көпбалалы аналар мен жұмыссыз әйелдер бар. Ұмай жобасы келер жылы да ұйымдастырылып, өңір әйелдерінің дамуына бағыттала бермек. Алдағы уақытта тренингті үздік аяқтаған қатысушыларға грант табыстау мүмкіндігі жоспарланып отыр”,- деді облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлмира Балғожаева. 


Іс-шараны облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының әлеуметтік тапсырысы аясында “Gumol” стратегиялық зерттеу орталығы коммерциялық емес мекемесі ұйымдастырды. Бұл жоба – түрлі сала эксперттерін тоғыстырған алаң болды. 


Ізденімпаз әйелдерге тәлім беріп, тәжірибесімен бөліскен спикерлер жабылу салтанатында сөз сөйлеп, қатысушылардың жетістіктерімен бөлісті. “Жеке бренд” бойынша спикер болған Айым Джекенованың айтуынша, тобындағы 25 әйелдің 3-і осы жоба арқылы ішкі дауыстарын естіп, жұмыс істеп келген салаларын ауыстыруға бел буған. 


“25 әйелдің 3-і өз саласын өзгертуге шешім қабылдады. Осы 5 күн ішінде менің тобымдағы қыздар видео рилсқа арналған 911 идея ұсынып, әлеуметтік желімен жақынырақ танысты. Өздерін танып, тұлғалық даму жолындағы қадамдары алдағы уақытта жемісін беретініне сенімдімін. Жоба аяқталса да топтағы қыздарыммен байланысым үзілмейді. Қашан да қолдауғадайынмын”,- деді Айым Джекенова. 


Салтанатты жабылу іс-шарасы түрлі сезімге толы өтті. Нәзік жандыларды тоғыстырған бұл ортада шынайы тілектер мен жүрек жарды сөздер қатысушылардың сезімін қозғап, болашаққа қанаттандырды. 


“Осы жоба туралы мен құрбымнан естіп, қатысуға өтініш бердім. Білмегенімнің бәрін Динара ханымнан үйреніп, есеп әлеміне қадам бастым. Жоба жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мен – жалғызбасты анамын, осы ортаға тап болғаныма өте қуаныштымын. Бұл – менің жаңа, әрі дамушы ортам”,- деді “бухгалтериялық есеп негіздері” сабақтарына қатысушы Шынар ханым. 
43
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!