Жаңаөзен тұрғындары заң мәселелері бойынша мамандардан кеңес алды
OTPANNEWS.KZ. - Жаңаөзен қаласында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Адал қоғам» жобасы бойынша құқықтық-профилактикалық керуен өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Іс-шара Маңғыстау облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Эко Маңғыстау» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті. Кездесуге құқық қорғау және мемлекеттік органдардың, сондай-ақ тиісті сала мамандары қатысып, тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, заңнама талаптарына қатысты түсіндірмелер берді.
«Эко Маңғыстау» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырушысы Наталия Зоринаның айтуынша, «Заң мен тәртіп» жобасы аясында Маңғыстау облысында тұрғындарға өз саласының білікті мамандары консультациялық көмек көрсетіп жатыр.
– Мамандар халықтың сауалдарына жауап беріп, қажетті кеңес пен бағыт-бағдар береді. Бұл жұмыстар бес күн бойы ұйымдастырылады, – деді Наталия Зорина.
Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетіктері туралы ақпараттандыру.
Кездесуде тұрғындар мамандарға сұрақтарын тікелей қойып, заңнамадағы өзгерістер, құқықтық мәселелер және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыттары бойынша қажетті ақпарат алды.