Жаңаөзен қаласында күн электр стансасы іске қосылды

27 қыркүйекте Жаңаөзен қаласында қуаты 50 МВт күн электр стансасы пайдалануға берілді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
Жобаны «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және италиялық Eni S.p.A. энергетикалық компаниясы бірлесіп жүзеге асырды. Станция күн, жел және газ энергиясын біріктіре отырып, өңірдегі ірі өндіріс орындарын тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етеді.
Ресми ашылу салтанатына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, «Самұрық-Қазына» АҚ мұнай-газ активтері департаментінің директоры Жандос Қайргелді, Eni компаниясының Қазақстандағы басшысы Сегер Хойтинк, Plenitude Қазақстан басқарушы директоры Федерико Пульезе, Plenitude компаниясының жаңартылатын энергия көздері бөлімінің басшысы Алессандро Делла Соппа қатысты.
Нысанды іске қосу – жалпы қуаты 247 МВт болатын Гибридті электр стансасын салу жобасын жүзеге асырудың бірінші кезеңі болды. Жаңа күн электр стансасы заманауи фотоэлектрлік технологиямен жабдықталған – 80 гектарға жуық аумақта LONGi компаниясының 80 000-нан аса күн панелі орнатылған. Панельдердің тиімділігі – екі жағынан да энергия шығарады. Жалпы, бұл кешен жылына 86 млн кВтсағ таза энергия өндіретін болады. Гибридті конфигурация жаңартылатын энергия көздерін газ генерациясымен біріктіреді, бұл құбылмалы ауа райы кезінде де энергия қуатын береді.
Күн электр стансасының құрылыс жұмыстарына 250 адамға дейін жұмылдырылды, бүгінде газ электр стансасын салу алаңында 122 маман еңбек етуде. Күн электр стансасы ҚМГ-ның өңірдегі еншілес кәсіпорындары — «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС-ін электр энергиясымен қамтамасыз етіп, өндірістік процестердің тұрақтылығын сақтайды.





