Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Маңғыстауда ІІІ халықаралық ТҮРКСОЙ театр фестивалі өз мәресіне жетті

|
27.09.2025 10:03
Маңғыстауда ІІІ халықаралық ТҮРКСОЙ театр фестивалі өз мәресіне жетті
Қоғамдық коммуникация орталығы

Іс-шарада 7 елден қатысқан өнер ұжымдары марапатталды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.


Мәдени іс-шараға ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев, өңірлік мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали, 7 елден келген өнерпаздар мен фестиваль сарапшылары қатысты.


-Халықаралық ТҮРКСОЙ фестивальдері жыл өткен сайын дамып, жаңаша түрде көрерменге ұсынылып отыр. Бір аптаға созылған ІІІ халықаралық ТҮРКСОЙ театр фестивалі де жоғары деңгейде өтті. Әр түркітілдес елден келген театр ұжымдары үздік қойылымдарын ұсынды. Осы қойылымдарға кәсіби бағасын берген сарапшыларға және әрбір түркітілдес мемлекеттің өнерпаздарын өз жерінде қуана қарсы алған Маңғыстау жұртына ризашылығымды білдіремін, - деді ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев.


Кеш барысында Сұлтан Раев Тәжікстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, танымал режиссер, актер, драматург Барзу Абдразақовқа және Н. Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының актері Еркебұлан Бекенге, театр актрисасы Сағадат Сейтқожаевға ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының төсбелгісін табыстады. 


Фестиваль барысында қойылымдарға кәсіби баға берген сарапшыларға арнайы марапаттар берілді. Сондай-ақ театр ұжымдары арнайы номинациямен марапатталды.


«Ұлт болмысын сақтағаны үшін» номинациясы - Әзербайжан Шеки мемлекеттік драма театры (Бахтияр Вахабзаде «Дар ағашы» спектаклі)


«Тақырыптың өзектілігі үшін» номинациясы - Мажарстан Республикасы, Бекешчаба театры(«Сексен шелек ауа» спектаклі)


«Тарихи тағылымын сақтағаны үшін» номинациясы - Қырғызстан Республикасы Токтоболот Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театры (Кайрат Иманалиев «Ақыркы кат» спектаклі)


«Ұлттық салт-дәстүрді дәріптегені үшін» номинациясы - Түрікменстан Республикасы, Сапармұрат Түрікменбашы атындағы Балқан велаяты мемлекеттік драма театры (Чары Ишангулыева мен Анналы Бердиеваның «Байрам хан Түркмен» спектаклі)


«Үздік актерлік дуэт үшін» номинациясы - Түркия Республикасы Бурса мемлекеттік театры (Али Жүнейд Кылджыоглуның «Медда мен жазалаушы» спектаклі)


 «Спектакльдің музыкалық шешімі үшін» номинациясы - Өзбекстан Республикасы, Мукими атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық театры (Нафас Шодмонованың «Қабыл мен Абыл» спектаклі) 


«Жаңа сахналық формаларды іздегені үшін» номинациясы - Қазақстан Республикасы, Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры (Рахмет Мәзғожаев «Көрұғлы» спектаклі)


Іс-шара соңында өнерпаздарға Маңғыстау облысы әкімінің ықылас гүлі табысталды. Халықаралық фестиваль мерекелік концертпен қорытындыланды.

94
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!