Сенатор Сүйіндік Алдашев Маңғыстауға шағын мұнай өңдеу зауытын салу туралы айтты

Сенаттың кезекті отырысында Сүйіндік Алдашев Маңғыстау туризмінің дамуын тежеп отырған себеп туралы сөз қозғады, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Оның айтуынша, өңір әлеуетін арттыруға басты кедергі – авиаотын тапшылығы. Соның салдарынан облыста логистика мен туризмнің дамуы бәсеңдеп отыр.
- Баршаға мәлім, еліміздің экономикасының даму жолындағы басты бағыттардың бірі – көлік логистикасы. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған «Солтүстік-Оңтүстік», «Шығыс-Батыс» Транскаспий халықаралық көлік бағыты секілді Парсы шығанағы, Еуропа, Оңтүстік Азия нарығына шығатын көлік дәліздері өтетін Маңғыстау өңірінде көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жобалар іске асырылуда. Бұл жобалар өңірдің транзиттік қабілетін арттырып, халықаралық сауда мен көліктегі позициясын арттырады,- деді Сүйіндік Алдашев.
Сенатордың айтуынша, елімізде туризмді дамытудың 3 басым бағытының бірі – Кендірлі курорттық аймағына жылына 100 мыңнан астам турист қабылдау жоспарлануда. Алайда, қазіргі таңда әуе тасымалы саласында шешімін таппай келе жатқан мәселе – еліміздегі авиаотын тапшылығы. Салдарынан тасымал құны артып, аймақтың әуе қатынасының бәсекеге қабілеттілігі төмендеуде. Қымбат авиаотынға байланысты көптеген халықаралық рейс экономикалық тұрғыда – тиімсіз. Соның кесірінен авиациялық логистиканы қажетті деңгейде дамыту мүмкін болмай отыр. Сондықтан аймақтық және халықаралық сауда шектеліп, туризм ағымын арттыруға кедергі туындауда.
Ресми деректерге сәйкес, елімізде жылына 650-700 мың тонна авиакеросин шығарылып, 1 млн тоннаға жуық авиаотын тұтынылады. Яғни, 300 мың тоннадан аса керосин Ресей және өзге мемлекеттерден жеткізіледі. Ал болашақта жоспарланған Маңғыстау облысындағы аэрохаб жобасы жүзеге асқан кезде өңірде авиаотын тұтыну көлемі қазіргі 15 мың тоннадан 120-130 мың тоннаға дейін көбейеді деп күтілуде. Осы секілді болашақта туындауы мүмкін тәуекелдер өңір әлеуетін арттыру жолындағы жоспарлардың орындалуына қауіп туғызып отыр.
- Бұл ретте үкіметтің болашақта жоспарланған Шымкент мұнай өңдеу зауытының өнімін ұлғайту арқылы мұнайлы Маңғыстау облысының жанар-жағар майға тапшылығын жоямыз деген жоспары аталған өнімдердің қымбаттауына әкеліп соғады деген күдік тудырады. Айта кету керек, өңірде жылына 1,5 млн тонна мұнайдан 700 мың тонна битум шығаратын Ақтау битум зауыты жұмыс істеп тұр. Сол мұнайдың битумнан басқа жеңіл фракциялары өңделмей, шикізат ретінде сыртқа жөнелтілуде. Аталғандарды назарға ала отырып, облыста өзін-өзі арзан мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында шағын, қуаты жылына 5 млн тоннаны құрайтын мұнай өңдеу зауытының құрылысы – стратегиялық маңызды қадам болады деп есептейміз. Шағын мұнай өңдеу зауыты өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін арттырып, импорттық мұнай өнімдеріне тәуелділігін азайтып, жанар-жағар майдың логистикалық шығындары мен жеткізу уақытын қысқартып, бәсекеге қабілеттігін арттырады.
Осы баяндалғандардың негізінде, құрметті Олжас Абайұлы, Маңғыстау облысында шағын мұнай өңдеу зауытын салу жобасына қолдау көрсетуді, өңірдің кешенді дамуы мен логистикалық инфрақұрылымын жаңартудың маңызды әрекеті ретінде қарастыруды сұраймыз,- деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сүйіндік Алдашев.
