Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Маңғыстауға соңғы бес жыл ішінде 4 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылған

|
26.09.2025 15:47
Маңғыстауға соңғы бес жыл ішінде 4 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылған
Маңғыстау облысы әеімдігінің баспасөз қызметі

Бүгін, 26 қыркүйекте Маңғыстау облысы мәслихатының XXII сессиясы өтті. Мәслихат депутаттары облыс әкімінің 2025 жылдың 8 айындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебін тыңдады, деп хабарлайды otpannews.kz сайты облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 


Әкімнің есебінде өңдеу өнеркәсібі, сауда, құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, ақпарат және байланыс салаларында оң өсім байқалғаны атап өтілді. Өңірдің негізгі басымдықтары ретінде өңдеу өнеркәсібі, туризм, шағын және орта бизнес, көлік-логистика және агроөнеркәсіп кешені айқындалған.


«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өңірде бірқатар ауқымды жобалар іске асты. Соңғы бес жылда Маңғыстауға 4 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылды. Алдағы уақытта 2025-2032 жылдар аралығында жалпы құны 9 трлн теңгеден асатын 72 жоба іске қосылмақ. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономиканы әртараптандыруға зор мүмкіндік береді», – деді Нұрдәулет Қилыбай.


Сондай-ақ өңір басшысы ауыл шаруашылығындағы жаңа бастамаларға тоқталды. Оның ішінде түйе шаруашылығы, құс фабрикасы, жылыжай кешені мен көкөніс сақтау қоймасы жобалары бар. Балық шаруашылығы саласында да жаңа инвестициялық жобалар іске асырылуда.


Туризм саласы да жылдан-жылға қарқынды дамып келеді. 2025 жылдың 6 айдағы қорытындысы бойынша өңірге 460 мыңнан астам турист келген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Әкімнің айтуынша, туризмді дамытуда ұлттық құндылықтар мен экологияны сақтау басты назарда болмақ.


Инфрақұрылым саласында жаңа мектептер, тұрғын үйлер және әлеуметтік нысандар салу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге жолдар мен инженерлік желілерді жаңарту, ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамту және электр желілерін жаңарту жобалары іске асырылып жатыр.


Қорытындылай келе, облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.


«Мемлекет басшысының Жолдауда айқындаған міндеттері де жүйелі түрде орындалады. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуде басты мақсатымыз – жаңа өсу нүктелерін ашу. Жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру қажет деп санаймыз. Алдағы уақытта кірістерді арттыру, жаңа мекемелер ашу және салық төлеу мәдениетін көтеру бойынша жұмыстар жалғасады», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
124
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!