Бүгін "Қайрат" - "Реал" ойынына билет сату басталады

«Қайрат» ФК УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі өз алаңындағы матчтарға билет сату тәртібі мен мерзімін жариялады, деп хабарлайды otpannews.kz сайты, fckairat.kz сайтына сілтеме жасап.
«Қайрат» – «Реал Мадрид» матчының билеті бүгін, 23 қыркүйек сағат 17:00-де клубтың ресми сайты мен Ticketon платформасында сатылымға шығады.
Билетті бір ЖСН бойынша бір адамға екі билеттен ғана сатылады. Деректер сатып алу кезінде ғана емес, стадионға кіргенде де тексерілмек.
Сатылымға шығатын билеттің бағасы 30 000–250 000 теңге аралығында болады. Баға саясаты турнир талаптарына және Чемпиондар лигасы матчтарын ұйымдастырудың халықаралық тәжірибесіне сәйкес белгіленген.
Билеттердің бір бөлігі дәстүрлі түрде бекітілген әлеуметтік және клуб квоталары аясында бөлінеді. Олар «Қайрат» Академиясының және клуб филиалдарының бапкерлері мен тәрбиеленушілеріне, паралимпиадалық спорт түрлерінің спортшыларына, сондай-ақ клубтың қызметкерлері мен ардагерлеріне беріледі. Белгілі бір квота клуб демеушілеріне қолданыстағы серіктестік міндеттемелер аясында қарастырылған.
Айта кетейік, Футбол клубының өкілдері желіде билеттің алдын ала сатылымы туралы жалған ақпарат таралып жатқанын ескертті. Билетті тек ресми арналардан, яғни клубтың ресми сайты, Qairat SuperApp мобильді қосымшасы және Ticketon сервисі арқылы сатып алуға болады. Осылай ғана алынған билет түпнұсқа болып, стадионға кіру құқығын береді.
