Ақтауда Бекет атаның 275 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

Ақтауда «Бекет ата Мырзағұлұлы – руханиятымыздың тірегі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Тағылымды басқосуға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, «Түркі мәдениеті және мұрасы қорының» Қазақстандағы өкілі Талғат Мұханов және танымал ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Сондай-ақ конференцияда Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан мемлекеттерінен келген тарих, этнография, теология, археология, реставрация салаларының ғалымдары бас қосты.
- Маңғыстау – қазақ елі үшін қымбат, тарихы аса бай киелі жер, қасиетті тұлғалардың мекені. Пір Бекет Ата Мырзағұлұлы - дархандығы мен батырлығы, жауласқанды достастыратын тылсым құдіреті бар тарихи тұлға, ел мен елді мәмлеге келтірген дипломат-саясаткер. Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның мақсаты - Бекет ата Мырзағұлұлына қатысты тарихи-архивтік және библиографиялық ізденістерді зерттеу, қоғамдық сананы жаңғыртудағы Бекет ата өнегесі мен рухани ілімін зерделеу. Еліміздің басқа өңірлерінен келген және өзге мемлекеттерден келген ғалымдар Пір Бекет ата мәдени мұрасының жан-жақты зерттелуіне атсалысады,- деді Тілеген Әбішев.
Конференцияда әулие атаның рухани мұрасы мен ілімін ғылыми тұрғыдан зерттеу, тарихи жәдігер, исламдық сәулет өнерінің мұрасы - Бекет ата мешіттерін қорғау мен сақтау, реставрациялау, сондай-ақ туризм саласында тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.
Конференцияда «Бекет ата Мырзағұлұлына қатысты тарихи-архивтік және библиографиялық ізденістер, рухани ілімі», «Тарихи-мәдени мұра мәселелері» тақырыбындағы секциялық отырыстар өтті.
