Онды ауылында Әбіш саябағы ашылды

Әлемнің ғұлама жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, абыз ата Әбіш Кекілбайұлының туған жері – Мырзайыр құдығында Әбіш саябағы ашылды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты Онды әкімдігіне сілтеме жасап.
«Бұл игілікті іс ел есінде ерекше қалатыны сөзсіз. Әбіш атамыз Ондыға келген сайын туған жері Мырзайырға арнайы барып, топырағына аунап, құдығынан су ішіп, балалық шағын еске алатын. Ол туған өлке туралы:
“Мырзайыр деген жер бар-ды, мен үшін жердің кіндігі” – деп жырға қосқан. Абыз дүниеден өткеннен кейін де республикалық “Әбіш оқуларына” келген дарынды балалар мен абыз оқырмандары жазушының кіндік қаны тамған топырағын көруді армандап, арнайы ат басын Мырзайырға бұратын.
Әбіш құдығы бүгінде абаттандырылып, 100х50 метр аумақты қамтитын көрікті саябаққа айналды»,- дейді ауыл әкімі Қуаныш Жәнібекұлы.
Мұнда қонақтардың демалуына арналған орындықтар қойылып, әрқайсына Әбіш шығармаларының атауы – “Шыңырау”, “Бәсеке”, “Үркер”, “Елең-алаң”, “Құс қанаты”, “Ханша-дария” деген атаулар берілді.
Сондай-ақ күн энергиясынан қуат алатын шамдар да орнатылған. Ал көктемде ағаштар мен гүл аллеясы жасалады деп күтілуде.
Саябақтың лентасын Әбіш Кекілбайұлының құрдастары мен сыйлас інілері қиды. Қонақтар Әбіш құдығынан су ішіп, абыз рухына құран бағыштады.
Алаштың ақыны, абыздың сыйлас інісі Светқали Нұржанов рухани ұстазы туралы тебірене сөз сөйлеп, қасиетті Мырзайыр топырағының қадірі туралы айтты.
Мектеп пен мәдениет үйінің қызметкерлері Әбіш атаның өлеңдерін оқып, драмалық көріністер қойды.






