Otpan News Logo

Жаңа тарихи кезең – ортақ жауапкершілік

|
10.11.2026 11:30
Жаңа тарихи кезең – ортақ жауапкершілік
egemen.kz

2026 жылғы 28 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды. Бұл еліміздің алдағы даму бағдарын айқындап, жаңа тарихи кезеңдегі стратегиялық міндеттерді нақтылаған маңызды саяси құжат деп санаймын.


Жолдаудың атауының өзі үлкен жауапкершілікті аңғартады. Өйткені бүгінгі Қазақстан тек уақыт талабына бейімделіп қана қоймай, ұрпаққа қандай мемлекет қалдыратынын ойлауы тиіс. Тəуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында жарияланған бұл Жолдау ел дамуының жаңа кезеңіне қадам басу деп ойлаймын.


Мемлекет басшысы қазіргі кездегі əлемдегі күрделі геосаяси ахуал мен экономикалық тұрақсыздық жағдайында ел бірлігі, қоғамдық келісім, заң мен тəртіптің маңызын атап өтті. Шын мəнінде, кез келген реформаның нəтижесі тек мемлекеттік шешімдерге емес, қоғамның белсенділігіне, азаматтардың саналы ұстанымы мен ортақ іске қосқан үлесіне де байланысты.


Жолдаудағы басты бағыттардың бірі – барлық өңірлерде инфрақұрылымды жаңғырту жəне əлеуметтік нысандар құрылысын жандандыру. Президент Қазақстанды ауқымды құрылыс алаңына айналдыру қажеттігін атап өтті. Осы мақсатта «Халықтық құрылыс» бастамасын ұсынды.


Бірқатар өңірлерде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны, білім беру, спорт жəне мəдениет салаларына арналған 50-ге жуық нысанның құрылысы қолға алынуы тиіс. Бұл бастаманың мəні тек жаңа ғимараттар салумен шектелмейді. Негізгі мақсат–азаматтардың күнделікті өміріне өзгеріс əкелу. Ауылдағы медициналық пункт, заманауи мектеп, спорт кешені, мəдениет үйі, сапалы ауызсу мен жол – мұның бəрі халықтың өмір сүру сапасын айқындайтын маңызды көрсеткіштер болып табылады.


Меніңше, құрылыс – тек экономикалық көрсеткіш емес, ол халықтың ертеңге деген сенімін қалыптастыратын, өңірлердің əлеуетін арттыратын жəне жаңа жұмыс орындарын ашатын маңызды үдеріс. Жолдауда белгіленген міндеттерді аймағымыздың дамуымен сабақтастыра қарастыруымыз қажет.


Маңғыстау облысы – еліміздің энергетикалық, өндірістік жəне көлік-логистикалық əлеуеті жоғары өңірлерінің бірі. Сонымен қатар облысымыздың өзіндік географиялық жəне климаттық ерекшеліктері бар. Сондықтан аймақтың тұрақты дамуы үшін инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру, ауыз-су мəселесін шешу, жол сапасын жақсарту, энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жəне əлеуметтік нысандарды көбейту өзекті болып қала береді.


Əсіресе ауылдар мен елді мекендердегі халықтың өмір сапасын арттыруға басымдық берілуі керек. Ауыл тұрғындары сапалы медициналық қызметке, қолжетімді білімге, мəдениет пен спорт инфрақұрылымына қала тұрғындарымен бірдей қол жеткізуі тиіс.


Маңғыстау үшін су ресурстарын тиімді пайдалану, қолда бар ресурстарды үнемдеу, су инфрақұрылымын жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу – бүгінгі міндеттердің қатарында.


Жолдаудың тағы бір маңызды өзегі – қоғамда «Заң мен тəртіп» қағидатын орнықтыру, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру жəне əлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру.


Əділетті қоғам құру – тек заң қабылдаумен жүзеге аспайтын күрделі үдеріс. Ол заң алдындағы теңдікті қамтамасыз етуден, азаматтардың құқығын қорғаудан, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігінен жəне əр адамның өз міндетіне адал қарауынан басталады.


Менің ойымша, əрбір адам өз құқығын қорғай алатын, еңбегінің бағаланатынын сезінетін, баласының сапалы білім алып, болашағына сеніммен қарайтын қоғамда өмір сүруі керек. Осы бағытта қоғамдық қабылдаулар, халықпен кездесулер, азаматтардың өтініштерімен жұмыс істей білу ерекше маңызға ие. Елдегі жақсы өзгерістер халықтың күнделікті тұрмысынан көрінуі тиіс.


«Əділет» партиясы үшін де Жолдаудағы міндеттерді түсіндіру, азаматтардың ұсыныстары мен талаптарын зерделеу, жергілікті мəселелерді тиісті деңгейде көтеру жəне олардың шешілуіне қоғамдық бақылау жасау – негізгі бағыттардың бірі. Партиялық жұмыстың нəтижесі өткізілген іс-шаралардың санымен емес, адамдардың өміріне тигізген нақты ықпалымен өлшенуі қажет деп есептеймін.


Жаңа тарихи кезеңдегі міндеттер – тек мемлекеттік органдардың жұмысы емес. Бұл – тұтас қоғамға ортақ міндет. Əрбір азаматтың ел тағдырына бей-жай қарамауы, əрбір мемлекеттік қызметшінің халық алдындағы жауапкершілігін сезінуі, əрбір кəсіпкердің адал еңбек етуі, əрбір ата-ананың ұрпағына дұрыс тəрбие беруі – ортақ дамудың басты шарттары.


Анар ШАМШАДИНОВА,

«Əділет» партиясы Маңғыстау

облыстық филиалы төрағасының орынбасары

38
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!