Otpan News Logo

Біздің ортақ мақсатымыз – Қазақстанның табиғи байлығын сақтау

|
10.11.2026 10:44
Біздің ортақ мақсатымыз – Қазақстанның табиғи байлығын сақтау

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында елді одан әрі дамытудың стратегиялық бағыттары айқындалды. Онда ғылыми-технологиялық прогреске, цифрландыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ерекше назар аударылған.


Мемлекет басшысы айқындаған міндеттердің ішінде ғылыми қоғамдастық үшін қолданбалы ғылымды дамыту, инновациялық технологияларды енгізу, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және экологиялық тұрақты орта қалыптастыру мәселелері ерекше маңызға ие. Маңғыстау облысының қуаң климаттық жағдайында өсімдіктерді зерттеу, сақтау және жерсіндіру бағытында жұмыс істейтін ғылыми ұйымның басшысы ретінде су ресурстарын ұтымды пайдалану, өсімдіктердің биологиялық алуантүрлілігін сақтау, жасыл инфрақұрылымды дамыту және ғылыми зерттеулерге заманауи цифрлық технологияларды енгізу мәселелерін аса өзекті деп санаймын.


Шөлейтті аймаққа тән күрделі табиғи-климаттық жағдайымен және су ресурстарының шектеулілігімен ерекшеленетін Маңғыстау облысы үшін бұл міндеттердің маңызы айрықша.


Мемлекет басшысы Жолдауда су ресурстарын ұтымды әрі үнемді пайдалану қағидаттарын кеңінен енгізу, суды тұтынуды тиімді басқару және су ресурстарын есепке алуда цифрлық технологияларды қолдану қажет екенін атап өтті.


Осы бағытта Маңғышлақ эксперименталдық ботаникалық бағы аймақтың күрделі табиғи-климаттық жағдайларына бейімделген өсімдіктерді жерсіндіру, табиғи флораның гендік қорын сақтау, елді мекендерді көгалдандыруға арналған өсімдіктердің ғылыми негізделген түрлерін іріктеу, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіп келеді.


Қызметіміздің маңызды бағыттарының бірі – ғылыми зерттеулер мен жасыл желектерді есепке алу жүйесін цифрландыру.


Ботаникалық бақ мамандары әзірлеген PLANT-EST-KZ ақпараттық жүйесі жасыл желектерді цифрлық түгендеуге, олардың жай-күйіне мониторинг жүргізуге және бағалауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қалалардың жасыл инфрақұрылымын ғылыми-практикалық негізде басқаруға жағдай жасайды.


Мемлекет басшысы ерекше атап өткен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы да біздің ғылыми және практикалық қызметіміздің негізгі бағыттарымен тікелей үндеседі.


Бұл бастама қоршаған ортаны қорғау мен елді мекендерді абаттандыруды ғана емес, сонымен қатар қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруды, табиғатқа жанашырлықпен қарауды және әрбір азаматтың қоршаған ортаның жай-күйіне деген жауапкершілігін арттыруды көздейді.


Менің ойымша, өңірлердің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін көгалдандыру жұмыстарын ғылыми негізде жүргізу, жергілікті табиғи-климаттық жағдайларға бейімделген өсімдіктерді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және жасыл желектердің жай-күйіне жүйелі мониторинг жүргізу аса маңызды.


Ғылымның басты міндеті – жаңа білім алумен ғана шектелмей, оны қоғам игілігіне іс жүзінде қолдану, өңірлердің экологиялық және әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге нақты үлес қосу.


Президент Жолдауында айқындалған стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру ғылым, мемлекеттік органдар, өндірістік сектор және қоғам арасындағы тиімді өзара іс-қимылды талап етеді.


Біздің ортақ мақсатымыз – Қазақстанның табиғи байлығын сақтау, өсімдіктер дүниесін қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және келешек ұрпақ үшін экологиялық қолайлы, жасыл әрі тұрақты орта қалыптастыру.


Ақжүніс ИМАНБАЕВА,

Маңғышлақ эксперименталдық

ботаникалық бағының бас директоры

40
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!