Otpan News Logo

Жаңа Конституция: халық сенімін нығайтатын құқықтық жаңғыру құжаты

|
07.10.2026 15:00
Жаңа Конституция: халық сенімін нығайтатын құқықтық жаңғыру құжаты
Фото: gov.kz

Конституция – мемлекеттің саяси және құқықтық бағытын айқындайтын негізгі құжат қана емес, әр азаматтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін құқықтық кепілдік. Заң үстемдігі, адам құқықтарының қорғалуы, мемлекеттік институттардың жауапкершілігі мен халықтың билікке деген сенімі – мұның барлығы Ата заңның мазмұнымен тығыз байланысты. Осы орайда Yessenov University құқық және халықаралық қатынастар факультетінің деканы, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор дина бұғыбайқызы «Маңғыстау» газетіне сұхбат беріп, жаңа Конституцияның мәні, оның қоғамдағы рөлі және құқықтық реформалардың маңызы туралы сауалдарға жауап берген еді.


– Дина Бұғыбайқызы, Конституцияны көпшілік заңгерлерге ғана арналған құжат деп қабылдайды. Шын мәнінде, оның қарапайым азаматтың өміріндегі орны қандай?


- Конституция – кез келген мемлекеттің ең бас-ты құқықтық құжаты. Көп жағдайда халық Конституцияны тек мерекелік жиындарда немесе ресми құжаттарда айтылатын ұғым ретінде қабылдайды. Мысалы, азамат мемлекеттік органға өтініш бер-ген кезде оның жауабы уақытылы әрі заңды болуы керек. Бұл – құқықтық мемлекет қағидасының көрінісі. Ата-ана баласының сапалы білім алуын талап еткен кезде, ол әлеуметтік мемлекет қағидасына сүйенеді. Жұмысшы еңбекақысы, қауіпсіз еңбек жағдайы немесе әділ қарым-қатынас мәселесін көтерсе, ол адамның қадір-қасиеті мен құқықтарының қорғалуына сүйенеді. Науқас медициналық көмекке жүгінсе, ол мемлекеттің әлеуметтік кепілдіктеріне сенеді. Ал азамат жеке деректерінің заңсыз таралуына қарсы шықса, ол Конституциядағы жеке өмірді қорғау қағидасына сүйенеді.


Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция халыққа жақын құжат болуы тиіс. Оның нормалары сот залында ғана емес, әкімдік қабылдауында, мектепте, ауруханада, жұмыста, банкте, интернет кеңістігінде және қоғамдық қатынастардың барлық саласында жұмыс істеуі қажет. Әділеттілік сезімі де дәл осы жерден басталады. Азамат заңның қағаз жүзінде ғана емес, нақты өмірде қорғайтынын көрсе, мемлекетке сенімі артады. Ал егер Конституциядағы нормалар күнделікті тәжірибеде ескерілмесе, ең жақсы құқықтық мәтіннің өзі халық санасында толық беделге ие бола алмайды.


Сондықтан жаңа Конституцияның ең үлкен міндеті – құқықтық норманы өмірлік қағидаға айналдыру. Бұл міндет тек мемлекеттік органдарға ғана емес, соттарға, заңгерлерге, білім беру мекемелеріне, бұқаралық ақпарат құралдарына және азаматтық қоғамға да қатысты.


– Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі неде деп ойлайсыз?


- Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – мемлекет қызметінің орталығына адамды, оның құқықтары мен бостандықтарын қоюында. Конституцияда Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде айқындалып, ең жоғары құндылық ретінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары танылады. Бұл қағида жай ғана ресми тұжырым емес. Ол барлық мемлекеттік саясаттың, заңдардың және сот тәжірибесінің негізгі өлшеміне айналуы тиіс. Яғни жаңа Конституцияның негізгі рухы мынаған саяды: мемлекет – азаматтан жоғары тұрған күш емес, азаматтың құқығын қорғауға, оның қауіпсіз өмір сүруіне, әділдікке қол жеткізуіне және дамуына жағдай жасауға міндетті институт. Осындай түсінік орныққан сайын халықтың мемлекетке деген сенімі де артады. Себебі азамат мемлекеттен қорған іздей алатынын, құқығы бұзылса, оны қорғауға құқықтық негіз бар екенін сезінеді.


- Мемлекетке деген сенім қандай факторлар арқылы қалыптасады?


- Халықтың мемлекетке сенімі бір күнде қалыптаспайды. Ол заңның әділ қолданылуынан, мемлекеттік органдардың жауапты әрекетінен, соттың тәуелсіздігінен, азаматтың дауысы ескерілгенінен және билік институттарының ашықтығынан қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституцияда халық сенімін арттыруға ықпал ететін бірнеше маңызды бағыттары бар. Біріншіден, Конституцияның тікелей қолданылуы. Бұл – өте маңызды құқықтық қағида. Егер Конституция ең жоғары заңдық күшке ие болса және бүкіл ел аумағында тікелей қолданылса, онда кез келген заң, қаулы немесе мемлекеттік шешім Конституцияға сәйкес болуы тиіс. Азамат өз құқығын қорғаған кезде тек қарапайым заңдарға ғана емес, тікелей Конституция нормаларына да сүйене алады. Мұндай мүмкіндік құқықтық мемлекеттің негізін күшейтеді. Екіншіден, Конституциялық Соттың рөлі. Құқықтық мемлекетте заңдардың көп болуы жеткіліксіз. Сол заңдардың Конституцияға сай болуы маңызды. Жаңа Конституцияда азаматтар өздерінің конституциялық құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру үшін Конституциялық Сотқа жүгіне алатыны көрсетіледі. Бұл норма қарапайым халық үшін ерекше маңызды. Мысалы, егер белгілі бір ереже азаматтың еңбек ету, білім алу, жеке өмірін қорғау немесе әділ сотқа жүгіну құқығына нұқсан келтірсе, оны конституциялық деңгейде қарау мүмкіндігі пайда болады. Әрине, мұндай механизмнің тиімділігі оның іс жүзінде қалай қолданылатынына байланысты. Бірақ азаматқа Конституция арқылы қорғану мүмкіндігін беру – мемлекеттің құқықтық жауапкершілігін арттыратын маңызды қадам. Үшіншіден, өкілді биліктің жауапкершілігін күшейту. Жаңа Конституцияда Құрылтай заң шығарушы билікті жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде айқындалады. Құрылтайдың заң қабылдауы, Үкіметке қатысты бақылау өкілеттіктері, республикалық бюджет мәселелерін қарауы мемлекеттік шешімдердің талқылануын және жауапкершілік деңгейін арттыруға бағытталған. Құрылтай туралы конституциялық заңның 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енуі осы институттың нақты құқықтық негізін қалыптастырады. Төртіншіден, Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы. Бұл орган халық мүддесін білдіретін жоғары консультативтік алаң ретінде қарастырылады. Оның міндеті – қоғамдық келісім, ішкі саясаттың негізгі бағыттары, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақ мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу. Егер бұл орган шынайы қоғамдық диалог алаңына айналса, өңірлердің, азаматтық қоғамның, сарапшылардың және түрлі әлеуметтік топтардың ұсыныстары мемлекеттік шешімдерге жақындай түседі.


- Президенттік институтқа қатысты енгізілген нормалардың маңызы неде?


- Жаңа Конституцияда Президент институтына қатысты да маңызды нормалар бекітілген. Президент жеті жыл мерзімге сайланады және бір адам бір реттен артық Президент болып сайлана алмайды. Сонымен қатар Президенттік кандидатқа қойылатын талаптар нақтыланып, оның мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде бес жыл жұмыс тәжірибесі болуы қажет екені көрсетілген. Бұл нормалар бірнеше мақсатқа қызмет етеді. Біріншіден, биліктің мерзімді жаңаруын қамтамасыз етеді. Екіншіден, ел басқаруға келетін адамның мемлекеттік басқару жүйесін түсінуін талап етеді. Үшіншіден, ұзақ мерзімді бір президенттік кезең саяси тұрақтылық пен стратегиялық реформаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Президенттің өкілеттік кезеңінде саяси партияда болуына, кәсіпкерлікпен айналысуына және өзге ақы төленетін лауазым атқаруына тыйым салынуы да маңызды. Президенттің жақын туыстарының жоғары мемлекеттік саяси қызметтерде немесе квазимемлекеттік сектор басшылығында болуына шектеу қойылуы мемлекеттік басқарудағы әділдік пен бейтараптық қағидатын күшейтеді. Мұндай нормалар халықтың билікке деген сенімін арттыруға ықпал етуі мүмкін, өйткені азаматтар мемлекеттік шешімдер жеке немесе отбасылық мүддеге емес, жалпы халық мүддесіне қызмет етуі тиіс екенін күтеді. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстандағы жаңа конституциялық модельді Франция тәжірибесімен салыстыруға болады. Франция тәжірибесі көрсеткендей, президенттік басқару жүйесінде тұрақтылық пен жауапкершіліктің тепе-теңдігі аса маңызды. Бір жағынан, күшті президенттік институт мемлекетке стратегиялық бағыт беруге мүмкіндік береді. Екінші жағынан, мерзімдік шектеулер биліктің жаңаруына және демократиялық бәсекелестікке жағдай жасайды. Қазақстанның жаңа Конституциясындағы бір рет жеті жылдық мерзім де осыған ұқсас логикаға сүйенеді: тұрақтылықты сақтай отырып, биліктің шексіз шоғырлануына жол бермеу.


- Халықаралық тәжірибемен салыстырғанда Қазақстанның жаңа консти-туциялық моделінің қандай ерекше-ліктері бар?


- Қазақстандағы Конституциялық Сотқа жүгіну мүмкіндігі де осыған жақын идеяны білдіреді: азамат Конституцияны тек абстрактілі құжат ретінде емес, өз құқығын қорғаудың нақты құралы ретінде пайдалана алады. Бұл – құқықтық мәдениеттің дамуы үшін аса маңызды. Себебі Конституция халықтың күнделікті өмірінен алыс тұрған ресми мәтін емес, нақты өмірлік жағдайда азаматты қорғайтын құқықтық негіз болуы тиіс. Тағы бір салыстыру – қоғамдық диалог институттары. Көптеген елдерде маңызды мемлекеттік шешімдер қабылданған кезде сарапшылардың, қоғамдық ұйымдардың, өңір өкілдерінің және азаматтық қоғамның пікірі ескеріледі. Қазақстан Халық Кеңесінің конституциялық деңгейде бекітілуі осы бағыттағы қадам ретінде қарастырылуы мүмкін. Егер бұл орган формалды емес, мазмұнды диалог алаңы ретінде жұмыс істесе, ол қоғамдағы түрлі пікірді жинақтап, билік пен халық арасындағы байланысты нығайта алады. Конституциядағы табиғи ресурстардың халыққа тиесілігі тура-лы қағида да халықаралық тәжірибеде маңызды орын алатын идеялармен үндеседі. Көптеген мемлекеттерде табиғи байлық ұлттық игілік ретінде қарастырылады. Қазақстан үшін бұл қағида маңызды, себебі елдің экономикалық әлеуеті жер, су, мұнай, газ, пайдалы қазбалар және өзге де табиғи ресурстармен тығыз байланысты. Жаңа Конституцияда жер, оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі және басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі деп көрсетілуі табиғи байлықты әділ әрі жауапты басқару қажеттігін білдіреді. Қарапайым азамат үшін бұл норма нені білдіреді? Бұл табиғи байлықтың елдің ортақ игілігі екенін, одан түсетін пайда халықтың әл-ауқатын арттыруға, өңірлерді дамытуға, білім мен медицинаға, инфрақұрылымға және болашақ ұрпақтың мүддесіне қызмет етуі тиіс екенін білдіреді. Егер осы қағида нақты саясатта көрініс тапса, халықтың әділеттілікке деген сенімі күшейеді. Мемлекетке сенім арттыру үшін азамат «менің пікірім естіледі» деген сезімді сезінуі керек. Заң тек жоғарыдан қабылданатын құжат емес, қоғамның нақты сұранысына жауап беретін құрал болғанда ғана оның беделі күшейеді. 2026 жылғы жаңа Конституция – Қазақстанның құқықтық жаңғыруындағы маңызды құжат. Ол мемлекеттің тұрақтылығын сақтай отырып, адам құқығын қорғауды, әлеуметтік әділеттілікті, қоғамдық диалогты, мемлекеттік жауапкершілікті және табиғи байлыққа ұқыпты көзқарасты күшейтуге бағытталған.


- Әңгімемізді қорытындыласақ, жаңа Конституцияның басты тарихи миссиясын қалай бағалар едіңіз?


- Жаңа Конституцияны тек жоғары деңгейдегі саяси-құқықтық реформа ретінде емес, қарапайым халықтың өміріне әсер ететін құжат ретінде бағалау қажет. Оның басты құндылығы – азаматқа мемлекеттен әділдік күтуге, өз құқығын қорғауға және қоғамдық өмірге қатысуға құқықтық негіз беруінде. Конституцияның күші тек оның мәтінінде емес, оны қорғау институттарының тиімділігінде және халықтың оған сенуінде. Қазақстан үшін де ең маңызды міндет – жаңа Конституцияны күнделікті өмірде жұмыс істейтін құжатқа айналдыру. Егер әрбір мемлекеттік орган Конституцияны өз қызметінің басты өлшемі ретінде қабылдаса, әрбір лауазымды тұлға халық алдындағы жауапкершілігін сезінсе, әрбір азамат өз құқығы мен міндетін білсе, жаңа Ата заң қоғамдағы құқықтық мәдениетті күшейтіп, мемлекет пен халық арасындағы сенімді жаңа деңгейге көтере алады.


Жаңа Конституцияның тарихи мәні де осында: ол тек мемлекеттің құрылымын емес, мемлекет пен азамат арасындағы сенімге негізделген жаңа құ-қықтық қатынасты қалыптастыруға бағытталған.


- Сұхбатыңызға рақмет.


Жангелді ҚАРЖАН

116
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!