Otpan News Logo

Жаңа ішкі саясаттың негізі – жасампаздық

|
25.10.2026 09:29
Жаңа ішкі саясаттың негізі – жасампаздық

Биыл еліміз тәуелсіздіктің 35 жылдық белесін еңсерді. Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылданғанына 36 жыл толып отыр. Осы мезгіл ішінде еліміздің халықаралық саяси аренада мемлекеттік дербестігін нығайту және ел бірлігін сақтау мен қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету жолында аса маңызды шешімдер қабылданды. Сындарлы шешімдердің шынайы салмағы сыртқы саяси жетістіктермен және қоғамның үйлесімді дамуының негізі - ішкі саяси тұрақтылықпен сараланаты анық. Бұл тұрғыдан алғанда елімізде қоғамдық сананы жаңғырту, құндылықтар жүйесін қайта құрылымдау арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылып жатыр деп нық сеніммен айта аламыз.


Баршаға мәлім, биыл еліміздің қоғамдық-саяси өмірі ірі бетбұрыстар мен маңызды өзгерістерге толы болды. 1 шілдеден бастап республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция ресми түрде өз күшіне енді. Жаңа Ата Заң елдің құқықтық жүйесіне елеулі өзгерістер енгізіп, мемлекеттік институттардың құрылымы мен мемлекеттік басқару жүйесін заман талаптарына бейімдеудің маңызын айқындап берді. Жаңа Конституция саяси-құқықтық жүйені түбегейлі трансформациялау мен демократиялық жаңғырулардың алтын арқауына айналды. Жаңа реформалардың нәтижесінде Қазақстан заң шығару жүйесінің жаңа моделіне көшіп, 23 тамызда алғаш рет бір палаталы Парламент – Құрылтай сайлауы өтті. Осылайша Құрылтайдың алғашқы құрамы толық жасақталып, депутаттардың өкілеттілігі ресми түрде басталды.


Конституциялық реформа нәтижесінде ел тарихындағы тұңғыш жоғары консультативтік орган Халық Кеңесі құрылды. Қоғам мен мемлекет арасындағы тұрақты диалогті қамтамасыз ететін, азаматтардың ұсыныстары мен қоғамдық бастамаларды мемлекет саясатымен байланыстыратын органға заң шығаруға бастама жасау құқығы берілді. Халық Кеңесі құрамына қоғамдық бірлестіктердің, этномәдени ұйымдардың, өңірлер мен азаматтық қоғамның өзге де институттарының өкілдері кірді. Бұл бір тараптан әр алуан әлеуметтік топтардың мүдделерін ескеруді қамтамасыз етеді. Халық Кеңесінің негізгі қызметтерінің бірі мемлекеттің ішкі саясатының жүзеге асуына қоғамдық тұрғыдан қолдау көрсету екенін ерекше атап өткен жөн. Аталған құрылым қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге, ұлттық бірлікті сақтауға бағытталған бастамаларды қолдап, осы бағдардағы мемлекеттік саясаттың жүзеге асуына өз үлесін қосады. Қорыта айтқанда, қоғамдағы әртүрлі пікірлерді ортақ мүдде төңірегінде тоғыстыру – жаңа институттың негізгі міндетінің бірі. Бұл бастаманы әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, ел азаматтарының мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту жолындағы маңызды қадам деп есептеймін.


Даму мен жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқан Қазақстанның идеологиялық тұғырнамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берді. «Әділетті Қазақстан» сынды ауқымды ұғым қоғамның идеологиялық темірқазығына айналды. Соңғы жылдары мемлекеттік деңгейдегі көптеген шешім осы әділдік идеясына орай қабылданып келеді. Мемлекет басшысы ұсынған идеологиялық тұғырнама елімізді одан әрі жан-жақты жаңғыртуға қатысы бар салалардың бәріне тың серпін берді.


Жоғарыда атап өткеніміздей, қоғам өмірінің барлық саласы қарқынды өзгерісті бастан кешіп отыр. Әлемдік кеңістікте үстемдік құрып отырған цифрлық экономика бағыты біздің елімізде де барынша дамуда, жасанды интеллект жүйесі өндіріс пен мемлекеттік басқаруға жаппай енгізілуде, кәсіпкерліктің ауқымы да жаңа деңгейге көтерілуде, әлеуметтік саясаттың түбегейлі мазмұны өзгеріп жатыр. Міне, осындай жағдайда еліміздегі ішкі саясат қағидалары жаңа заман талаптарына сай болуы қажет. Бұл ел дамуының жаңа кезеңі ішкі саясаттың тәсілдерін де қайта қарауды талап етеді деген сөз. Осыған байланысты ішкі саясаттың негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бір жүйеге келтіретін жеке тұжырымдамалық құжат қабылдау қажеттігі туындады. Мемлекет басшысы аталған құжат ел дамуының келешегіне қатысты мемлекет пен қоғамның ортақ көзқарасын қалыптастыруға септігін тигізетінін атап өткен еді. Вице-Президент Ерлан Қарин еліміздің ішкі саясатындағы негізгі басымдықтар конституциялық құндылықтарды нығайту, жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру және болашаққа ұмтылысқа негізделетінін атап өтті.


Бүгінде ішкі саясат саласындағы негізгі басымдық қоғамдағы тұрақтылық пен ынтымақты қамтамасыз етумен қатар, жалпыұлттық құндылықтарды орнықтыру және жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру жұмыстарына беріліп отыр. Осы себепті мемлекеттің бүгінгі саясаты «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» идеологиясын ілгерілетуге бағытталған. Аталған қағидаттар елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ білім, ғылым, инновация, мәдениет пен қоршаған ортаны дамытуды мұрат тұтады.


Саясат пен экономикадағы реформаларды нәтижелі жүзеге асыру қоғамдық сананы жаңғыртумен қатар жүруі тиіс. Сондықтан қоғамда тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық жалпыұлттық құндылықтар берік орнығып, ішкі саясаттағы білім мен тәрбие беру, қоғамдық келісімді нығайту, мәдени-ағарту жұмыстарының басты бағдарларына айналды.


Бұл бағытта Маңғыстау облысында да ішкі саясат саласының алдағы даму міндеттері айқындалды. Саладағы жаңа бастамалар мен басым бағыттар сараланып, азаматтық қоғаммен байланысты нығайту, ұлттық және мемлекеттік мерекелерді мазмұнды ұйымдастыру, этносаралық келісімді сақтау және ішкі саясат саласындағы жұмысты жетілдіруде еліміздің ішкі саясатының негізгі қағидаттары мен құндылықтары мен бағыттары басшылыққа алынды.


Облыс көлемінде азаматтардың қоғамдық және жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі алғышартына айналған «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында  заңға бағынудың маңызын түсіндіру, қоғамдағы тәртіпті сақтау мәдениетін дәріптеу және азаматтық жауапкершілікті арттыру бағытында іс-шаралар өтеді.


Азаматтардың барлық сындарлы сауалдарына жедел әрі тиімді жауап беретін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру» аясында билік пен қоғам арасындағы байланыс механизмдері жетілдірілді. Үкімет пен қоғам арасындағы ашық әрі айқын диалог орнату үшін жергілікті атқарушы органдармен байланыс арналары жұмыс істейді. Бұл бастамалар шешімдерді әзірлеу және қабылдау процесінде азаматтардың дауысын естуге және ескеруге бағытталған. Бүгінде халықтың пікірлерімен ой алмасу үшін қолжетімді және ыңғайлы платформалар «Ашық үкімет», «Е-Otinish», Telegram арналарындағы чаттар жұмыс істейді.


Мемлекет басшысы тазалық пен тәртіпті сақтау, тарихи-мәдени мұраны қорғау, табиғатты аялау ұлттық мінездің ажырамас сипаты болуға тиіс екенін баса айтты. Еліміздің ішкі саясатындағы «Таза Қазақстан» қағидаты  елдің дамуына елеулі үлес қосатын жауапты әрі еңбекқор азаматтардың рөлін күшейтіп, азаматтардың жауапкершілігін арттыра түсті және қоғамда жаңа этика қалыптастыруда аса үлкен рөл атқарды деп сеніммен айта аламыз.


Бағдарламалық құжатта анық жазылғандай: «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» қағидаты барлық мемлекеттік шешімдер қоғамның пікірі ескеріле отырып, елдің мүддесі үшін инклюзивті тәсіл аясында қабылданады дегенді білдіреді. Бұл қағидат азаматтардың референдум мен сайлауда дауыс беруі, диалог алаңдары мен консультативтік-кеңесші органдардың жұмысы, қоғамдық пікірді тұрақты зерделеу арқылы жүзеге асырылады. Азаматтардың ортақ ұстанымына негізделген әділ әрі тиімді шешімдер мемлекеттігіміздің демократиялық тұғырын нығайтуға және елімізді орнықты дамытуға ықпал етеді». 


Еліміздің ішкі саясатының негізгі қағидаттары мен құндылықтары мен бағыттары баршаға бірдей мүмкіндік беретін ашық, қуатты және дамыған ел, жауапты әрі өркениетті қоғам құруға негізделген. Заң үстемдігі берік орнаған, демократиялық институттары мықты дамыған және азаматтардың конституциялық құқығы мен бостандығы мүлткісіз қорғалатын мемлекетте осы бағыттарға басымдық беріледі.


Елімізде этносаралық келісімді қамтамасыз етудің тиімді саяси, құқықтық және институционалдық-басқару жүйесі қалыптасқан. Маңғыстау облысында мемлекеттік органдар, ұйымдар және азаматтық қоғам институттары этносаралық қатынастар саласында өзара тиімді іс-қимыл жасайды. Сонымен қатар этносаралық қатынас саласындағы ахуалға сапалы мониторинг жүргізіліп, тұрақты талдау жасалды. Бұдан бөлек қоғамды отбасы құндылықтарын дәріптеу, отбасы институтын нығайту және отбасы құндылықтарын қолдау; жауапты ата-ана идеясын насихаттау мақсатында мазмұнды іс-шаралар атқарылып жатыр. Жастар саясатының тиімділігін қамтамасыз ету бағытында білімге құштарлықты ілгерілету, ғылымды дәріптеу; қоғамның құқықтық, қаржылық, саяси, цифрлық, ақпараттық және экологиялық сауатын арттыру бағытында жүзеге асатын жобалар жоспары жасақталды.


Атқарылған ауқымды жұмыстар ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға, қоғамның және мемлекеттің орнықты дамуын қамтамасыз етуге, ең бастысы әрібір азаматы білімді, озық ойлы Әділетті Қазақстанды құруға ықпал етеді. Еліміздің ішкі саясатының басты құндылықтары мен сыртқы саясаттағы сындарлы ұстанымы бүгінгідей алмағайып заманда ұлттық мүддемізді қорғап, даму бағдарымызды айқындауда басты бағдаршам болары анық. Баршамыздың алдымызда қастерлі тәуелсіздігімізді қорғау, мемлекетімізді дамытып, оны қуатты елге айналдыру, сондай-ақ халықтың әл-ауқатын арттыру секілді маңызды міндеттер тұрғанын ұмытпайық.


Гүлмира Балғожаева

Маңғыстау облыстық Ақпарат және қоғамдық даму

басқармасының басшысы

12
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!