Otpan News Logo

Жаһандық экономикадағы Қазақстан: Маңғыстаудағы инфрақұрылымдық жобалар

|
03.03.2026 12:17
Жаһандық экономикадағы Қазақстан: Маңғыстаудағы инфрақұрылымдық жобалар

Инфрақұрылым – мемлекеттің қаңқасы. Егер жолдар мен әуежайлар сапасыз болса, экономиканың «ағзасына» қан жүрмейді. Бүгінде Қазақстанда іске асып жатқан ірі жобалар жай ғана құрылыс емес, бұл – елдің әлеуметтік-экономикалық келбетін өзгертетін стратегиялық қадам. Қазақстан – әлемдегі теңізге шыға алмайтын ең үлкен мемлекет. Сондықтан экономика алыптарының қатарына қосылу үшін елдегі жол сапасы 100% қауіпсіз, әрі сапалы болуы тиіс. Көлік дәліздерінің маңызы аса жоғары елде инфрақұрылым қалай дамып келеді? Ал Маңғыстау өңіріне не жетіспейді? Осы сауалдарға жауап іздеп, otpannews.kz сайтының тілшісі Экономика ғылымдарының докторы, профессор, менеджмент бағыты бойынша оқу құралдарының авторы, экономика саласының сарапшысы Бауыржан Искаковпен тілдесіп көрді.


«Батыс Қытай-Батыс Еуропа»: Жаһандық транзиттің күретамыры



«Бұл дәліз арқылы Қазақстан Еуразиядағы транзиттік көпірге айналды. Хаб берген бірінші мүмкіндік – транзиттік табыс өсімінің артуы. Қазақстан өз аумағы арқылы өткен әр шетелдік жүк көлігі үшін салық пен сервистік алымдар арқылы ақша табады. Жүк тасымалы артып, логистикалық қойма, кеден қызметтері арқылы бюджетке түсетін кіріс көлемі артып отыр. Ал екіншісі – экспорт мүмкіндігінің кеңеюі. Қытай, Ресей мен Еуропаға ауыл шаруашылық өнімдері мен өңделген өнімдерді тасымалдау жеңілдеп, сауда жасау жеңілдеді»,- деді экономика саласы бойынша сарапшы Бауыржан Искаков.


Экономист сондай-ақ аталған дәліздің іске аспай тұрып, жүк тасымалы Қытайдан Еуропаға теңіз арқылы 40-50 күнде жететінін айтты. Ал бүгінде осы дәліз арқылы үк тасымалдау 10-12 күнге дейін қысқарған.


Аталған автобан екі алып елден бөлек, ел ішіндегі аймақтарды да байланыстырады. Мәселен, бұл дәліз Ақтөбе арқылы Маңғыстау облысындағы «Бейнеу-Шетпе-Ақтау» жолдарымен түйіседі. Осы тізбектің ажырамас бөлігі әрі логистикалық жалғасы – «Бейнеу-Ақжігіт» (Өзбекстан шекарасына дейін) автожолы. Бұл бағыттың жаңартылуы Маңғыстауды Орталық Азияның қақпасына айналдырды. Енді Қытайдан немесе Ресейден келе жатқан жүк ағыны тек солтүстікке емес, Бейнеу арқылы Өзбекстан, Түрікменстан және Оңтүстік Азия нарығына тікелей шығуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ Қытайдан келген жүк Ақтау немесе Құрық порты арқылы Каспий теңізімен Әзербайжанға, Транскаспий арқылы Түркияға кете алады. Осы орайда «Бейнеу-Ақжігіт» жолы Өзбекстанның экспорттық тауарларының Каспий порттарына жетуін қамтамасыз етіп, «Орта дәліздің» (Middle Corridor) пәрменін арттырып отыр. Бұрын сапасыз жолдың зардабын тартқан бұл бағыт бүгінде тәулігіне мыңдаған ауыр жүк көлігін өткізетін халықаралық деңгейдегі магистральға айналды.


Бұл аталғанның барлығы – экономикалық тиімділік қана, ал әлеуметтік әсері – жол бойындағы сервис орталықтары жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр.


«Әсіресе, жол бойындағы қалалар мен ауылдардың тұрғындарына тиер пайда мол. Атап айтқанда, сервистік бизнес: жанармай бекеттері, қонақүй, асханаларда жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті азаматтарды жұмыспен қамту мүмкіндігі кеңейіп отыр. Одан бөлек шаңын және орта бизнес иелерінің, әсіресе ауылшаруашылық өнімдерін өткізу жеңілдеді»,- деп қосты Бауыржан Искаков.


Расында, қазір «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» дәлізі бойында 1600-ден астам қызмет көрсету нысаны жұмыс істейді. Олардың ішінде: жанармай бекеттері, қонақ үйлер, автотұрақтар мен мейрамханалар, дәретханалар мен медициналық пунктілер, сондай-ақ техникалық қызмет көрсету орталықтары да бар.



Кендірлі: Туризм мен жаңа жұмыс орындарының көзі

Логистикалық тізбектің келесі маңызды буыны – өңірдің оңтүстігіндегі Кендірлі демалыс аймағы. Бұл жай ғана туристік нысан емес, бұл – өңірдің экономикалық архитектурасын өзгертетін кешенді жоба. Осы тұста Кендірліге баратын жолдардың сапасы жоба сәттілігіне тікелей әсер ететінін атап өткен жөн. Қазіргі таңда «Жаңаөзен-Кендірлі-Түрікменстан шекарасы» автожолының құрылысы мен жаңартылуы ерекше маңызға ие. Бұл жол тек туристерді тасымалдап қана қоймай, көршілес Түрікменстанмен сауда айналымын арттыратын транзиттік дәлізге айналмақ. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев 2026 жылғы 3 наурызда өткен Үкімет отырысында кейбір транзиттік дәліздерді кеңейту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтқан еді. Оның сөзінше, қозғалыс қарқындылығының артуын және жекелеген дәліздердің жүктемесін ескере отырып, оларды одан әрі дамыту және кейбір учаскелерде жаңғырту жоспарланған.


"Қойылған міндеттерге сәйкес Жаңаөзен – Түрікменстан шекарасы учаскесінде жұмыстар жүргізілуде. Бұл учаске "Түрікменстан – Ресей" дәлізінің бір бөлігі болып табылады. Жолды төрт жолақты қозғалысқа дейін кеңейту бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу жұмыстары басталды ", – деді Сауранбаев.


Министр аталған учаскедегі жұмыстар 2026 жылы аяқталатынына уәде берді. Сапалы асфальт пен заманауи жарықтандыру – Кендірлі қалашығын Жаңаөзен мен Ақтаумен тығыз байланыстырып, ішкі миграция мен тауар айналымын жеделдетеді.

                

«Кендірлі – Каспий жағалауындағы жаңа туристік орталық. Ол – жылы климатты, жағажайы ұзын және экологиялық таза аймақ. Бұл Кендірліні ішкі туризм үшін де тартымды ететін ерекшеліктер. Жоба аясында бұл орында жаңа инфрақұрылым, әуежай салу жоспарланған. Қонақүйлер мен демалыс орындары салынып, инженерлік желілер тартылып жатыр. Бұл Маңғысатудың туризм картасындағы маңызын күшейтеді»,- деді экономикалық сарапшы Бауыржан Искаков.


Оның айтуынша, Маңғыстаудың туристік әлеуеті жоғары. Өйткені оның бірегей табиғаты көпті сөзсіз таң қалдырады. Бозжыра, Шерқала секілді таулар мен Қарақия ойпаттары туристерді тартуға оң ықпал етеді. Өңірде этно туризм, геологиялық және экстрималды туризмды тартуға болады.


«Бірақ тәуекедердің бары – рас. Ең үлкені – өңірдегі ауызсу тапшылығы мен маусымдық туризмді ұсына алуда. Одан бөлек келу билеттерінің қымбат болуы мен сервистің сапасы да әсерт етеді. Егер инфрақұрлым толық жетілсе Маңғыстау ішкі туризмде Түркия форматына ұқсас жағажай бағытын қалыптастыра алады. Бірақ климат пен масштаб жағынан айырашылық барын ескеру қажет»,- деді Бауыржан Искаков.


Жобаның әлеуметтік үлесі – Жаңаөзен қаласының жұмыссыздық мәселесін шешуге ықпал етіп, туристерді Ақтау арқылы емес, тікелей курорттық аймаққа жеткізу. Салынатын жаңа әуежай сағатына 200-300 жолаушыны қабылдауға қауқарлы болады деп жоспарланған. Бұл – жылына шамамен 500 мыңнан 1 миллионға дейін жолаушы қабылдайды деген сөз. Кендірлі әуежайы іске қосылғанда, Маңғыстаудың оңтүстігінде жаңа сервис кластері (логистика, кетеринг, техникалық қызмет) пайда болады. Бұл – Жаңаөзен жастары үшін мұнайдан тыс баламалы жұмыс орны. 



Кендірлі болашақтың жобасы болса, Ақтау халықаралық әуежайы – бүгінгі күннің нақты жеңісі. Ол Қазақстандағы ең үздік бес әуежайдың қатарында. Ақтау әуежайы – Еуропа мен Азияны байланыстыратын «Орта дәліздің» әуедегі басты нүктесі. Мұнда «Ашық аспан» режимі арқылы шетелдік авиакомпанияларға еш кедергісіз рейс ашуға рұқсат берілген. Статистикалық деректерге сүйенсек, 2024-2025 жылдары Ақтау арқылы өткен жолаушылар саны 1,5 миллионнан асқан. Бұл – аймақ экономикасына құйылған тікелей инвестиция. Әуежай түрік инвесторларының (YDA Group) басқаруында болғандықтан, менеджмент халықаралық деңгейде. Бұл – мемлекеттік бюджетке салмақ салмай, табыс әкелетін мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің үлгісінің ең сәтті мысалы. Маңғыстаудағы бұл қарқын бүкіл елдегі авиациялық реформаның бір бөлшегі ғана. Бүгінде Қазақстан әуежайларының экономикаға қосар үлесі ЖІӨ-нің өсуіне тікелей әсер ете бастады. Мәселен, Алматы халықаралық әуежайындағы жаңа терминалдың ашылуымен жолаушылар ағыны жылына 14 миллионға жетті. Бұл – Орталық Азиядағы ең ірі транзиттік хаб. Ал небәрі 11 айда салынып, түркі әлемін байланыстырған Түркістан әуежайы – өңірлік туризмнің эталонына айналды. Әуежай – бұл тек ұшу алаңы емес, бұл – экономикалық серпіліс. Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы мен Oxford Economics зерттеулеріне сүйенсек, 1 жаңа рейс – өңірге келетін инвестицияны 5%-ға өсіреді. Ал 1 жолаушы қала экономикасына орта есеппен 100-200 доллар табыс (такси, тамақ, қонақүй) әкеледі.


ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің мәліметі бойынша, Ақтау әуежайы арқылы келетін шетелдік туристер саны жылына орта есеппен 20-25%-ға артып отыр. 2021 жылы іске қосылған «Риксос Ақтау» кешенінен кейін, әуежай арқылы келетін чартерлік рейстер саны 4 есе өсті. Бұл облыс бюджетіне салық түсімдерін ғана емес, жергілікті халық үшін 3000-нан астам жанама жұмыс орнын (такси, гидтер, мейрамханалар) ашуға сеп болды. Ақтау әуежайы – Каспий теңізі арқылы өтетін «Орта дәліздің» (Middle Corridor) маңызды әуе буыны. Жүк тасымалының көлемі соңғы 5 жылда 18%-ға өскен. Яғни, Ақтау әуежайы – тек ұшу-қону жолағы емес, ол Маңғыстау экономикасының «тыныс алу» нүктесі. Соңғы бес жылдық статистика көрсеткендей, әуежайдың өткізу қабілетінің артуы өңірді «тұйықталған өлкеден» халықаралық транзиттік орталыққа айналдырды. 2026 жылға қарай жолаушылар ағыны 2 миллионнан асады деген болжам бар, бұл әуежай инфрақұрылымын одан ары кеңейтуді талап етеді.


Түйіндей келе, «Бейнеу-Ақжігіт» тас жолынан басталып, Кендірлі мен Ақтаудың әуе айлақтарына ұласатын инфрақұрылымдық желі – Маңғыстаудың ғана емес, бүкіл Қазақстанның жаңа экономикалық келбеті. Жол мен әуежай сапасы – мемлекеттің даму деңгейінің басты индикаторы болмақ.


Талдау көрсеткендей, Қазақстанның, соның ішінде Маңғыстау өңірінің инфрақұрылымдық дамуы жай ғана жол салу емес, бұл – елдің геосаяси және экономикалық тәуелсіздігін нығайтудың төте жолы.

Қорыта келе, сапалы жол мен заманауи әуежай – мемлекеттің қан тамырлары. Егер бұл жүйе іркіліссіз жұмыс істесе, Қазақстан жаһандық экономиканың ажырамас бөлігіне айналып, ішкі әлеуметтік тұрақтылықты нығайта түспек. Маңғыстаудың бүгінгі қарқыны – осы үлкен мақсаттың айқын көрінісі.


59
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!