«Рамазан сыйы»: Ақтауда тазалық қызметкерлеріне азық-түлік таратылды
Ақтауда «Рамазан сыйы» қайырымдылық марафоны өтті. Игі шараға Қазақстан мұсылмандарының Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, жамағатты сауапты іске ұйытқы болуға үндеді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қайырымдылық акциясы аясында жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен 200-ден астам коммуналдық қызмет жұмысшысының отбасына әлеуметтік азық-түлік себеттері табысталды. Әр отбасыға күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік өнімдері үлестірілді. Ұйымдастырушылар бұл бастама Рамазан айында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқанын атап өтті.
Шара Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бастамасымен ұйымдастырылды. Биыл басқарма ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай республика көлемінде 35 мың отбасыға қайырымдылық көмек көрсетуді жоспарлап отыр.