Изоптин, стрептоцид, левомицетин: Қазақстанда тағы қандай дәрілерді сатуға тыйым салынды?
Қазақстанда «Стрептоцид» таблеткасының (өндіруші – «Химфарм» АҚ, сауда белгісі Santo) медициналық қолданылуына тыйым салынып, айналымнан алу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Тыйым жарамдылық мерзімі 2030 жылдың тамызына дейін деп көрсетілген өнімдерге қатысты. Тыйым салу – препараттың сапа немесе қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келмейтінін білдіреді. Барлық дәріханалар мен медициналық мекемелер оны сатуды және қолдануды дереу тоқтатуы тиіс. Қалған өнімдер өндірушіге қайтарылуы немесе белгіленген тәртіпке сай жойылуы қажет.
Стрептоцидтен бөлек, келесі дәрілерге де тыйым салынды немесе тіркеу куәлігі кері қайтарылды:
• Левомицетин (Киевмедпрепарат, Украина) — инъекцияға арналған ұнтақ.
• Десилмакс (Macleods Pharmaceuticals, Үндістан) — таңбалануына байланысты жекелеген сериясы.
• Энцифер және Эдлис (Үндістан өндірісі).
Жақында Денсаулық сақтау министрлігі неміс препаратын да тіркеуден алып тастады.
«Изоптин» (Верапамил) дәрілік құралының тіркеу куәлігін кері қайтарып алу туралы бұйрыққа Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы қол қойды.
Шешім 2026 жылғы 20 қаңтарда «Абботт Казахстан» ЖШС-нің өтініші негізінде қабылданған.
Изоптин – артериялық гипертензия және кейбір жүрек-қантамыр аурулары (стенокардия, тахикардия) кезінде қолданылатын дәрмек.
Препарат өндірушісі – «Абботт Лабораториз ГмбХ» компаниясы.