Маңғыстау облысының мұнайшылары жаңа Конституцияны қолдайды
Маңғыстау облысындағы мұнай өндіру кәсіпорындарының еңбек ұжымдары – Өзенмұнайгаз АҚ, Маңғыстаумұнайгаз АҚ, Қаражанбасмұнай АҚ, Oil Services Company ЖШС және Dunga Operating жаңа Конституцияны қолдайтындарын білдірді.
Аталған кәсіпорындарда он мыңдаған маман еңбек етеді. Олар күн сайын мұнай мен газдың тұрақты өндірілуін қамтамасыз етіп, мұнай-газ саласының дамуына және Қазақстан экономикасының нығаюына елеулі үлес қосып келеді. Ұжымдардың үйлесімді жұмысы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді.
Кәсіпорын басшылары мен еңбек ұжымдарының өкілдері жүргізіліп жатқан конституциялық өзгерістердің маңыздылығын және олардың мемлекетті одан әрі дамытудағы стратегиялық мәнін атап өтті.
-Біз еліміздің болашағы, тұрақтылық, бірлік, заң мен тәртіп үшін дауыс береміз. Мемлекеттілікті нығайтуға, қоғамды дамытуға және әр азаматтың жауапкершілігін арттыруға бағытталған бастамаларды қолдаймыз. Маңғыстау облысының мұнай кәсіпорындарының ұжымдары жаңа Конституцияны толық қолдайды және оны Қазақстанның өркендеу жолындағы маңызды қадам деп санайды, – деді кәсіпорын өкілдері.
Еңбек ұжымдары жаңа Конституцияның қабылдануы тұрақты экономикалық өсімнің, әлеуметтік әділеттіліктің және мемлекеттің тәуелсіздігін нығайтудың берік негізіне айналатынына сенім білдірді. Өңір мұнайшылары Маңғыстау облысы мен бүкіл ел игілігі үшін алдағы уақытта да аянбай еңбек етуге дайын екендерін жеткізді.