«Маңғыстаумұнайгаз» ұжымы референдумда дауыс береді
Маңғыстау облысында жаңа Конституция жобасының негізгі қағидаларын түсіндіру мақсатында «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының ұжымымен кездесу өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Кездесуге өңірлік коалиция мүшелері Жаңбырбай Матаев, Бекмұрат Жүсіпов, Орынбасар Тоқжанов, Анар Шамшадинова және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында қатысушыларға жаңа Конституция жобасының мазмұны мен басым бағыттары жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, құжатта білім беру, ғылымды дамыту, мәдениет пен инновацияны қолдау мәселелеріне ерекше мән берілгені айтылды. Сонымен қатар, «Заң мен тәртіп» және «Әділетті Қазақстан» қағидаттарының маңыздылығы кеңінен талқыланды.
Бұдан бөлек, адам капиталының сапасын арттыру, адам құқықтарын қорғау, зайырлылық ұстанымын нығайту және отбасылық құндылықтарды айқындау бағытындағы нормаларға да назар аударылды.
Кездесу соңында коалиция мүшелері ұжым өкілдерін 15 наурыз күні өтетін республикалық референдумға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасауға шақырды.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мердігер ұйымдары мен еңбек қатынастары қызметінің басшысы Салих Адай алдағы референдумның маңыздылығына тоқталды.
-Он бесінші наурызда өтетін референдумға байланысты өңірімізде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ата заңымызға енгізілетін өзгерістер мен оның жалпы бағыты жөнінде тұрғындарға кеңінен ақпарат берілуде. Осы орайда айтқым келетіні – 15 наурызда өтетін референдумға қатысу әрбір азаматтың азаматтық парызы деп есептеймін. Себебі әрқайсымыздың дауысымыз маңызды. Еліміздің болашағына бейжай қарамай, референдумға қатысып, өз таңдауыңызды жасауға шақырамын, - деді Салих Адай.