Маңғыстауда мереке қарсаңында қызғалдақ пен раушан гүлдеріне сұраныс артады
Көктеммен тұспа-тұс келетін әйелдер мерекесі қарсаңында гүл дүкендерінде жұмыс қызады. Мұнда флористтер жұмысты таңертең ерте бастап кешке дейін мерекелік букеттерді жинайды. Ал биыл гүл дүкендері мейрамға дайындықты бастады ма? Otpannews.kz тілшісі анықтап көрді.
Қанат Жақыпов 10 жылдан бері гүл шоқтарынан букет жасап, оларды безендірумен айналысады. Бастапқыда бұл ақша табудың бір көзі болса, уақыт өте келе үлкен қызығушылық пен жауапкершілігі мол жұмысқа айналған.
"Мейрам кезінде жұмыс өте қызу болады. Әсіресе, 6, 7, 8 наурызда тапсырыс көп болады. Көктемнің символына айналған голландық қызғалдақтар бұл күндері көп сұралатын гүлдердің бірі. Егер жақыныңызды қуантқыңыз келсе, гүлдің балғындығына, түсіне мән беріңіз. Бұл гүл көктеммен ассоциация болғандықтан 8 наурызда ерекше сұраныста болады әрі ұзақ сақталады. Сондай-ақ, хризантема гүліне көп тапсырыс келуде. Мереке қарсаңында ер-азаматтар ерекше роза гүлдері мен гортензия, хризантема және raffaello тәрізді момоко гүлдерін де көп сұратады",-деді Қанат Жақыпов.
8 наурыз флористер үшін ұйқысыз түндер мен толассыз тапсырыстар кезеңі. Біз гүл әлемінің шеберінен биылғы трендтер туралы да сұрадық.
"Қазір түрлі трендтер шығып жатыр. Мысалы гүлдерді креативті түрде беру үшін букетке айна салып: "бұл - сенің гүлің, айнадағы менің гүлім» деген сияқты жазбаларды да дайындаймыз. Клиент қандай үлгіні қаласа, соны жасап беруге тырысамыз. Қыз бала есімінің бас әрпінен дайындалатын композициялар да қазір сұранысқа ие. Мереке күні уақыт тығыз болғандықтан алдын ала тапсырыс беріп қойған жөн",- деді флорист.
Дүкен иелерінің айтуынша, ең үлкен кезек 8 наурыз күні таңертең болады. Ол кезде баға құбылуы әбден мүмкін. Салыстырмалы түрде Ақтау қаласындағы гүл дүкендеріндегі бір қызғалдақтың бағасы 800 теңгеден, букеттердің құны 8 мыңнан басталады. Әрине, «талғамға талас жоқ», қалтаңыз көтерсе, 40, 50, 100 мың теңгеге де гүл алуға болады.