Ақтауда дін қызметкерлерінің кәсіби әлеуетін арттыруға арналған семинар өтті
Ақтау қаласында облыстық дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде «Айрақты» көмек көрсету орталығының ұйымдастыруымен семинар-тренинг өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Семинардың басты мақсаты – діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытындағы жұмысты күшейту, сала мамандарының өзара ықпалдастығын арттыру. Іс-шараға Алматы орталық мешіті наиб имамы Тимур Алиев қатысып, өңірдегі теологтар, психологтар және теологиялық бағытта қызмет атқаратын имамдармен кәсіби тәжірибе алмасты.
«Айрақты» көмек көрсету орталығының директоры Нұрбол Сейлханов іс-шараның маңызына тоқталды.
«Бүгінгі семинар - өңірдегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының сапасын арттыруға бағытталды. Теолог, психолог және имамдардың бірлескен жұмысы ғана қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ете алады», – деді Нұрбол Сейлханов.
Жиын барысында қатысушылар радикалды идеологиялардың белгілерін анықтау, алдын алу тетіктері, түсіндіру жұмыстарының тиімді форматтары және психологиялық қолдау әдістері бойынша практикалық кейстерді талдады.
Алматы орталық мешіті наиб имамы Тимур Алиев өңір мамандарының белсенділігін жоғары бағалап, тәжірибе алмасудың маңызын атап өтті.
«Қазіргі қоғамда діни сауаттылық мәселесі айрықша мәнге ие. Әсіресе жастар арасында дұрыс ақпарат беріп, дәстүрлі құндылықтарды түсіндіру - ортақ міндет. Мұндай кәсіби алаңдар сала мамандарының біліктілігін арттырып қана қоймай, ортақ стратегия қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деді Тимур Алиев.