Енді Қазақстанда несие алу қиындайды
Қазақстанда несие алу қиындайды. Банктер қарыз алушылардың кірісі мен борыш жүктемесін тексеруді күшейтті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Қаңтардағы өсімнен кейін несиелендіру қарқыны бәсеңдей бастады. Ұлттық Банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) 2025-2026 жылдары қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін бақылауды күшейтуде. Есептеулерде енді борыш жүктемесі мен қарыздың кіріске қатынасы ескеріледі. Бұл ретте расталған кірістерге басты назар аударылады.
Енгізілген қосымша шектеулер:
• Мерзімі өткен берешек: 30 күннен астам төлем кешіктірген қарыз алушыларға несие берілмейді.
• Несие тарихы: Несиесін қайта құрылымдаған немесе есептен шығарған (проблемалық тарихы бар) клиенттерге қатаң шектеулер қойылады.
• Кепілсіз несиелер: Мұндай қарыздардың мерзімі шектеледі.
• Рассрочкалар: Борыш жүктемесін есептеу кезінде банктік жүйеден тыс берілетін бөліп төлеу қызметтері де ескеріледі.
Қатаң тексерістерге қарамастан, халық тарапынан несиеге деген сұраныс сақталып отыр.
Жеке тұлғаларға берілген несие көлемі 23 713 109-дан 25 067 304 млн теңгеге дейін өсті. Бөлшек сауда сегментінде тұтынушылық несиелер басымдыққа ие. Олардың көлемі 15 983 716-дан 16 854 063 млн теңгеге дейін артты. Ипотека – 6 608 495-тен 7 077 176 млн теңгеге дейін өсті. Осылайша, несиенің негізгі бөлігі ұзақ мерзімді салымдарға емес, ағымдағы шығындарға бағытталған.
Айта кетейік, Қазақстанның несие жүйесі өсуін жалғастырып, жаңа рекордтар орнатуда. Негізгі сұранысты әлі де халық қалыптастырып отыр. Ал несие күнделікті экономиканың бір бөлігі болып қала береді. Алайда, ақша енді автоматты түрде берілмейді. Банктер қарыз алушыларды қатаң және іріктеп таңдау тәсіліне көшеді.