Ауыл ажары - татулық: Ондыда көршілер бақ сынасты
Маңғыстау ауданы Онды ауылында «Ынтымағы жарасқан көршілер» атты көшеаралық байқау өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Маңғыстау ауданы әкімдігінің жазуынша, іс-шара ауыл тұрғындарының басын қосып, көршілер арасындағы шынайы қарым-қатынастың озық үлгісін көрсетті.
Игі бастаманың негізгі мақсаты - көршімен тату болу елдің берекесі екенін ұғыну, ауыл ішіндегі ауызбіршілікті нығайту.
Додаға ауылдың Жастар, Қызылтам, Қойлан және Орта ауыл көшелері қатысып, төрт бағыт бойынша өзара бақ сынасты. Сайыс барысында тұрғындар таныстыру, өнер көрсету, сахналық көрініс және ас мәзірі кезеңдерінде өз шеберліктерін ортаға салды.
Ауыл тұрғындары байқауда көшелерінің атауының тарихын айтып ерекшеленді. Өнер сайысында малдың сүйегінен қолдан аспаптар жасап, «Қасықтар ансамблін» құрып, сахнада «Наркескен» күйін орындады. Сондай-ақ, «Жақсы көрші тапқаның - мол олжаға батқаның» атты көрініс сайысында көршінің иті жанында іргелес көршісінің баласын қауып алуы сияқты күнделікті келеңсіздікті ақылмен, татулықпен шешудің жолын көрсетіп, тәрбиелік мәні зор көрініс ұсынды. Тұрғындар сахнада «Тасаттық» беру, «Бастанғы жасау», «Есік көрсету» сияқты көне дәстүрлерді тірілтті. Әсіресе, аяғы ауыр келіншектің толғағы жеңіл болсын деген ниетпен жасалатын «Жарысқазан» ғұрпы мен ұмытылып бара жатқан «Келіншек биі» көпшіліктің ықыласына бөленді.
Ас мәзірі кезеңінде қазақтың бай дастарханы жайылып, көршілер қазы-қарта, қуырдақпен қоса, бүгінде сирек дайындалатын әсіп, жаужүрек, тоқаш нан сияқты тағамдар дастарханға қойды.
Шараның қорытындысымен «Ынтымағы жарасқан үздік көше» номинациясын «Қызылтам» көшесі, «Шығармашыл көше» аталымын «Қойлан», «Үлгілі көше» номинациясын «Орта ауыл», «Ақ жүрек көршілер» аталымын «Жастар» көшесі алды.
- Шараның тағы бір тосынсыйы - осы ауылдың тумасы, танымал әнші Ғаділбек Жаңайдың тікелей эфирге шығуы болды. Ауылдастарының ауызбіршілігіне тәнті болған әнші «осындай шаралар көп болсын, ауылымыз дами берсін» деген тілегін жеткізді. Сондай-ақ Ғаділбек Жаңай шараға қолдау ретінде байқауға ерекше дайындықпен келген «Қызылтам» көшесіне және өзі өскен «Орта ауыл» көшесіне, ауылдың азаматы Арғын Жолболаев «Қойлан» көшесіне қаржылай сыйлық табыстады, - деп атап өтті аудан әкімдігі.
Шараның ұйымдастырушысы ауылда ерекше форматтағы кешті 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ойластырдық дейді.
- Ауылдың жасы бар, кәрісі бар, сондай-ақ ауылдық Аналар алқасының мүшелері бар – бәрі белсене қатысқан ерекше шара болды. Ауыл үлкендері бата беріп, жастар өнер көрсеткен бұл күн көршінің көңілі - елдің тыныштығы екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, Онды аспанында бірлік пен достықтың әні шырқалды, - деп атап өтті Құндыз Бердібекова.