Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Маңғыстаудағы колледждер Кореяның оқу орындарымен тәжірибе алмасуды бастады

|
20.11.2025 16:26
Маңғыстаудағы колледждер Кореяның оқу орындарымен тәжірибе алмасуды бастады

Өңірдегі Н.Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі, «Асмет Ұлас» жоғары педагогикалық колледжі және Маңғыстау туризм колледжінің басшылары Корея Республикасына жұмыс сапарымен барып, басқарушылық құзыреттерді дамыту мен Кореядағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі инновациялық басқару модельдерімен танысты. Сондай-ақ дуалды оқыту, цифрлық трансформация және академиялық мобильдік бағыттарындағы озық тәжірибелерін зерделеді, деп хабарлайды otpannews.kz. 


Н.Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі директоры Айнагүл Жұмағалидың айтуынша, Маңғыстаудан барған делегация 4 оқу орны және білім беру компаниясымен ресми кездесу өткізді. 


- Біз Sungwoon University (Yeongcheon), Hoseo University (Асан), Tekville Edu Co., Ltd. (Сеул), Seowon University (Чхонджу) сияқты оқу орнымен білім саласындағы инновациялар, дуалды оқыту, цифрлық трансформацияны талқыладық. Нәтижесінде Seowon University мен Қазақстан колледждері арасында, сондай-ақ Tekville Edu Co. және Hoseo University, Global Sapa халықаралық академиясы мен Қазақстан колледждері арасында өзара меморандумға қол қойдық. Енді меморандум аясында инженерлік білім, цифрлық дидактика, педагогикалық бағдарламалар, edtech-шешімдер, студенттер мен оқытушылардың академиялық мобильдігі бойынша бірлескен жобаларды іске асырамыз, - деді Айнагүл Жұмағали. 





Тараптар ортақ білім беру бастамаларын іске асырып, студенттердің халықаралық тәжірибе алуына және оқытушылардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретін меморандумға «Асмет Ұлас» жоғары педагогикалық колледжі де қол жеткізді. Енді кәсіптік білім беру ұйымы халықаралық стандарттарға сай оқу бағдарламаларын жаңартып, педагогикалық мамандықтар бойынша тәжірибе алмасу, сонымен қатар жасанды интеллект (AI) саласына бағытталған жаңа білім беру бағдарламаларын күшейтеді. 


- Бұл қадам халықаралық серіктестікті нығайтуға, білім сапасын арттыруға және студенттерге жаңа мүмкіндіктер ұсынуға бағытталған стратегиялық шешім деп айта аламыз. Халықаралық деңгейде орнатылған жаңа келісімдер колледжіміздің даму бағытындағы маңызды кезең және біздің білім беру ұйымының саладағы беделін арттыруға айтарлықтай ықпал етеді, - деп атап өтті «Асмет Ұлас» жоғары педагогикалық колледжінің директоры Ұлдай Қадырбаева. 





Кореяның жетекші білім беру орталықтарының тәжірибесін қолдануды өңірдегі Маңғыстау туризм колледжі де бастайды. Енді оқу орны «Туризм» мамандығы студенттерінің кәсіби және soft skills құзыреттерін дамытуға назар аудармақ. Туризм колледжі Seowon University-мен академиялық ынтымақтастық пен бірлескен бағдарламаларды дамыту шеңберінде «10150100-Туризм» білім беру бағдарламасына авиациялық туризм бойынша кәсіби құзыреттерді интеграциялау жоспарын әзірледі.  


- Корея сапарында AI, Smart Energy және Digital Pedagogy бағыттары бойынша бірлескен модульдік курстар мен сертификаттық бағдарламаларды әзірлеуге, Hoseo University зертханалары базасында қысқа мерзімді тағылымдамалар мен тәжірибелер ұйымдастыруға, оқытушыларға цифрлық технологиялар саласы бойынша біліктілікті арттыру курстарын өткізуге келістік. Бұл - білім саласындағы жаңа деңгей, - деді Маңғыстау туризм колледжінің директоры Жания Сармурзина. 





Маңғыстау облыстық білім басқармасы өңірдегі колледждердің Кореяның жетекші оқу орындарымен серіктестікті бастаған қадамын техникалық және кәсіптік білім беруді жаңа деңгейге көтеретін маңызды кезең деп атап өтті. Сондай-ақ халықаралық меморандумдар тек оқу бағдарламаларын жаңғыртуға емес, сонымен бірге инженерлік білім, цифрлық педагогика, жасанды интеллект, туризм және дуалды оқыту бағыттарында нақты жобаларды іске асыруға жол ашып, халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған стратегиялық серпіліс деп бағалады.

79
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!