Otpan News Logo

Ұлттық ұлан офицерінің төрт жасар ұлы қазақ өлеңдерін жатқа оқып жүр

Ұлттық ұлан офицерінің төрт жасар ұлы қазақ өлеңдерін жатқа оқып жүр

Цифрлық технологиялар балалар өмірінің ажырамас бөлігіне айналған заманда төрт жасар Мұхаммед-Әлидің қызығушылығы өзгелерден ерекше. Ұлттық ұлан офицерінің ұлы бос уақытын смартфонға емес, қазақтың халық өлеңдері мен балалар шығармаларын жаттауға арнайды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Қазірдің өзінде ол жиырмаға жуық өлеңді жатқа біледі. Кішкентай өнерпаз шығармаларды мәнерлеп оқып, тыңдаушыларын таңғалдыруда.


Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығы хабарлады. Мұхаммед-Әлидің әкесі – медициналық басқарма бастығы, подполковник Құдайберген Бекмырзаев. Әскери қызметтің жауапкершілігіне қарамастан, ол отбасы тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетінін айтады.


Бекмырзаевтар шаңырағында төрт бала өсіп келеді. Үлкендері мектепте білім алып, жақсы үлгерімімен көзге түссе, кенже ұл Мұхаммед-Әли әдебиетке деген ерекше ықыласымен ерекшеленіп отыр.


Әкесінің айтуынша, баланың өлеңге қызығушылығы табиғи түрде қалыптасқан. Отбасында кітап оқу дәстүрге айналған, ал балалардың тіл байлығын дамытуға тұрақты назар аударылады.


Қазір балалардың көбі телефон мен түрлі гаджеттерге тәуелді болып барады. Сондықтан біз оларды ерте жастан кітап оқуға, өлең жаттауға және танымдық дүниелерге қызықтыруға тырысамыз. Өлең жаттау баланың есте сақтау қабілетін, ойлау жүйесін және сөздік қорын дамытуға көмектеседі, – дейді Құдайберген Бекмырзаев.


Мұхаммед-Әли қазақтың халық шығармалары мен балаларға арналған өлеңдерді ерекше ықыласпен орындайды. Оның сахнадағы еркіндігі мен сөзді анық жеткізуі көпшіліктің сүйсінуіне себеп болып жүр.


Мамандардың пікірінше, баланың кітапқа, әдебиетке және ана тіліне қызығушылығы ең алдымен отбасындағы тәрбиеден бастау алады. Осы тұрғыдан алғанда, Бекмырзаевтар отбасының тәжірибесі жас ұрпақтың рухани дамуына ата-ананың ықпалы зор екенін көрсетеді.

62
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!